Ақтөбеде төрт жастағы қызға бірнеше медицина мекемесінде түрлі диагноз қойылып, тағайындалған ем нәтиже бермеген. Кейін баланың жағдайы асқынып, ол бір құлағының есту қабілетінен айырылған. Осы жағдайға байланысты сот дәрігерді ауруханаға 1,75 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Балаға бірнеше диагноз қойылған
«Диапазон» басылымының хабарлауынша, алдымен жеке клиникада қызға іріңді отит – ортаңғы құлақтың іріңді қабынуы диагнозы қойылған. Кейін басқа медицина мекемесінде оған сол жақ бет жүйкесінің невралгиясы деген диагноз қойылып, Ақтөбе қалалық балалар ауруханасына жіберілген.
Ауруханада балаға басқа диагноздар қойылып, физиотерапия емі тағайындалған. Алайда кейін баланың жағдайы нашарлаған.
Анасының айтуынша, отиттің дұрыс анықталмауы және тиіс емнің уақытында жүргізілмеуі инфекцияның асқынуына әкелген. Салдарынан баланың бас сүйегіне күрделі операция жасау қажет болған.
Балаға шұғыл операция жасалды
Бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, оған шұғыл операция жасалған. Алайда кейін біраз уақыт дәрі-дәрмек берілмей, тек таңу процедурасы жасалғаны айтылды.
Бала қайтадан ауруханаға түскеннен кейін дәрігерлер консилиум өткізіп, әрі қарай емдеу тактикасын анықтаған. Бірақ қыздың жағдайы ауыр күйде қалған. Осыдан кейін анасы баласын Алматыдағы республикалық клиникаға апарған.
Мұнда дәрігерлер резекциялық трепанация жасап, бас сүйегінің зақымданған бөлігін алып тастаған. Оның орнына арнайы пластина қойылған.
Ауру мен одан кейінгі асқынудың салдарынан қыз бір құлағының есту қабілетінен айырылған. Екінші құлағында шу пайда болып, бірінші дәрежелі есту қабілетінің төмендеуі диагнозы қойылған.
Ауруханаға 5 миллион теңге өтемақы төлеу міндеттелді
Қыздың анасы медициналық көмек көрсету кезінде дұрыс диагноз қойылмағанын және тиіс ем жүргізілмегенін айтып, сотқа жүгінген.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қалалық және облыстық балалар ауруханаларын балаға 5 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген.
Қалалық балалар ауруханасы сот шешімін орындап, 5 миллион теңге төлеген.
Кейін аурухана басшылығы қыздың есту қабілетінен айырылуына себеп болған әрекеті үшін қызметкерлерден төленген соманың бір бөлігін өтеуді талап еткен. Екі медицина қызметкері ақшаны ерікті түрде қайтаруға келіскен.
Ал дәрігер-оториноларинголог кінәсі дәлелденбегенін айтып, төлем жасаудан бас тартқан. Осыдан кейін аурухана дәрігерге қатысты жеке талап арыз берген.
Сот дәрігердің балаға біліксіз медициналық көмек көрсеткені үшін жауапкершілігі бар деген қорытындыға келген.
Нәтижесінде оториноларингологқа ауруханаға 1,75 миллион теңге өтеуге міндеттейтін шешім шықты.
