Алматыдағы «Медеу» мұз айдынының жанындағы ақылы автотұрақтың құны өзгереді. 1 қыркүйектен бастап азаматтарға 15 минут тегін тұрақ қою мүмкіндігі беріледі, ал тәулікке төлем 4500 теңгеден аспайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тексеріс барысында «Медеу» маңындағы ақылы автотұрақ операторы «Chimbulak Development» ЖШС-нің монополия жағдайын теріс пайдалану дерегі анықталған.
Компания автотұрақ үшін сағатына 500 теңге тариф белгілеп, тегін тұраққа қою уақытын қарастырмаған. Салдарынан көлігін 12 сағатқа қойған азаматтар 6000 теңге, ал 24 сағатқа қалдырғандар 12 мың теңге төлеген.
1 қыркүйектен бастап жаңа тариф енеді
Анықталған заңсыздықты жою үшін компанияға тиіс хабарлама берілген. Қазір кәсіпорын агенттік талабын орындаған.
Жаңа талап бойынша, 1 қыркүйектен бастап «Медеу» маңындағы автотұрақта 15 минут тегін тұруға болады.
Сонымен қатар автотұрақтың ең жоғары құны тәулігіне 4500 теңгемен шектеледі.
