Қазақстанда міндетті автосақтандыру жүйесін реформалау жоспарланып отыр. Өзгерістер 2030 жылға дейін сақтандыру нарығын дамыту жобасында қарастырылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жобаны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру нарығының өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен әзірлеген. Реформаның негізгі мақсаты – сақтандыру полисінің бағасын әділ қалыптастыру, төлемнің ашық болуын қамту және жол-көлік оқиғасынан кейінгі шығынды өтеу рәсімін жеңілдету.
Полис бағасы қалай өзгереді?
Жаңа жүйеде сақтандыру құны жүргізушінің көлікті қаншалық ұқыпты айдайтынына байланысты болады. Компанияларға жүргізушілерді өздерінің скориң жүйесі арқылы бағалауға мүмкіндік беру ұсынылып отыр.
Бағаны есептеу кезінде:
- жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу өтілі;
- жол ережесін бұзу фактілері;
- жүргізу мәнері;
- бұрынғы сақтандыру шығыны;
- көліктің жүріп өткен жолы;
- көлікті айдау режимі;
- көліктің айдалып жүрген өңірі ескерілуі мүмкін.
Сондықтан жол үстінде ұқыптылық танытатын, жол ережесін сақтайтын жүргізушілер үшін сақтандыру арзандап, жол апатына жиі түсетін жүргізушілер үшін қымбаттауы ықтимал.
Реформаның маңызы
2021–2025 жылы міндетті автосақтандыру бойынша жиналған сақтандыру сыйақысы 82 млрд теңгеден 118 млрд теңгеге дейін, яғни 44% өскен. Ал сақтандыру төлемі 38 млрд теңгеден 106 млрд теңгеге дейін көбейген.
Осы кезде шығын коэффициенті 51%-дан 106,8%-ға жеткен. Бұған жол-көлік оқиғаларының көбеюі, автокөлік жөндеу қызметі мен қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттауы әсер еткен.
Жаңа жүйе бірден енбейді
Реформа біртіндеп жүзеге асады. Алғашында скориңнің полис бағасына әсері қолданыстағы тарифтен +-20% шегінде болады. Бұл жаңа жүйені сынақтан өткізіп, қажет статистиканы жинауға мүмкіндік береді.
Кейін жүйенің тиімділігі расталса, сақтандыру компаниялары полис құнын өздері белгілей алатын бірыңғай тариф енгізу жоспарланған.
