Қазақстан президентінің жарлығымен Ермек Сағымбаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне қайта тағайындалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми мәліметінше, генерал-лейтенант Ермек Сағымбаев 2022 жылдың қаңтар айынан бері ҰҚК төрағасы қызметін атқарып келеді. Мемлекет басшысы Ермек Сағымбаевты осы қызметке қайта тағайындады.
Ермек Сәлімбаев 1967 жылы 11 қазанда дүниеге келген. Ол 1992 жылы Қазақ политехникалық институтын, 2007 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. 2021 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі дәрежесін алған.
Қызмет жолы
Ермек Сағымбаевтың ұлттық қауіпсіздік органдарындағы қызметі 1994 жылы басталған. 1994-2006 жылы ол ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел және басшы қызметін атқарды.
2006-2019 жылы президенттің күзет қызметінде жедел және басшылық лауазымда жұмыс істеді.
2019-2021 жылы мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары әрі президент күзет қызметінің бастығы болды.
2021-2022 жылы мемлекеттік күзет қызметінің бастығы міндетін атқарып, кейін осы қызметке басшылық етті.
Ал 2022 жылдың қаңтарынан бастап ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Президенттің жаңа жарлығымен Ермек Сағымбаев ҰҚК төрағасы қызметінде жұмысын жалғастырады.
