Басты бет / Білім /
Халықаралық олимпиада жеңімпаздары, Ақорда, оқушылар
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен кездесті

Мемлекет басшысы Ақордада халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде талантты жастардың өсіп келе жатқанын айтып, олардың білім мен ғылым саласындағы жетістіктерін атап өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл еліміздің оқушылары 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1000-нан астам медаль жеңіп алған. Оның ішінде 200-ден астамы — алтын медаль.

Президент әсіресе Халықаралық физика олимпиадасындағы оқушылардың нәтижесіне тоқталды. Байқауға қатысқан еліміздің барлық бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, олимпиада жеңімпазы атанған. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл нәтижені бұрын-соңды болмаған жетістік деп бағалады.

Біз барлық бағытта осындай жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті бұған толық мүмкіндік береді, – дейді президент.

Жаңа Конституция мен реформалар туралы

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан тарихи өзгерістерге де тоқталды.

Президенттің айтуынша, ел бірлігі мен халықтың ынтымағының арқасында ауқымды реформалар жүзеге асып, жаңа Конституция қабылданған. Негізгі құжатта ғылымға, білімге және инновацияға басымдық берілген.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция ең алдымен жас ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын атап өтті.

Сонымен қатар президент тарихта алғаш рет Құрылтай сайлауы өткенін айтып, сайлаудың ұйымдастырылу деңгейіне оң бағасын берді. Ол азаматтардың белсенділігі мен елдің жаңару стратегиясын қолдағаны үшін халыққа алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау барысын бақылаған халықаралық және басқа да бақылаушылардың жұмысына, орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің еңбегіне жоғары баға берді.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook