Алматы әкімдігі әлеужеліде қызу талқыланған «Алматы Тазалық» қызметкерлерінің демалып отырған видеосына қатысты түсініктеме берді. Видеоны түсірген әйел әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қызметкерлер жұмыс уақытында демалмаған
Әкімдік мәліметінше, видео 22 тамыз күні сағат 13:10 шамасында Майлин көшесіндегі аллеяда түсірілген.
Кадрды таспалаған әйел адам «Алматы Тазалық» қызметкерлері жұмыс істемей, демалып отырғанына шағымданады. Алайда мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл олардың жұмыс уақыты емес, жоспарланған түскі үзілісі болған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Алматы Тазалық» өндірістік персоналы тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істейді. Қызметкерлерге екі сағат екі үзіліс қарастырылған: күндізгі үзіліс 12:00-ден 14:00-ге дейін, ал түнгі үзіліс 00:00-ден 02:00-ге дейін.
Осыған байланысты әкімдік видеодағы қызметкерлердің жұмыс уақытында емес, кестеге сәйкес берілген түскі үзілісте болғанын мәлімдеді.
Видео жарияланғаннан кейін коммуналдық қызметкерлер оларды түсірген әйелге қатысты полицияға арыз берген.
Полиция қызметкерлері әйелдің кім екенін анықтап, оған «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Қазір іс материалдары Алматының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Итін тұмылдырықсыз серуендеткен
Бұдан бөлек, әкімдік әйелдің итін тұмылдырықсыз серуендеткенін хабарлады.
Осы әрекеті үшін де ол әкімшілік жауапқа тартылып, 10 АЕК мөлшерінде (43 250 теңге) айыппұл салынған.
Әкімдік қызметкерлердің жұмыс кестесі бойынша, түскі үзіліс кезінде демалуы еңбек тәртібін бұзу болып саналмайтынын айтты.
