Астанада 28 жастағы азамат жұртқа Түркияға виза рәсімдеуге көмектесетінін айтып, арбауына түсірген. Кейін құжат жинау үшін алдын ала ақша алған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған
Polisia.kz дерегі бойынша, күдікті әлжелі арқылы өзін сенімді маман ретінде таныстырып, азаматтарға Түркияға виза рәсімдеуге көмектесетінін айтып, қызметін ұсынған. Ол жұрттың сеніміне кіріп, құжаттарды дайындау үшін жәбірленушілерден алдын ала ақша алған. Алайда күдікті виза алғысы келетіндерге қызмет көрсетпеген, уәдесін орындамаған. Ақшаны алған соң әртүрлі сылтау айтып, уақыт созып, кейін байланысқа шықпай қойған. Жәбірленуші тараптың шығын көлемі — 600 мың теңге.
Ресми ұйымдар мен лицензиясы бар агенттіктердің қызметіне жүгініңіз!
Полиция күдіктінің жеке бас дерегін анықтады. Астананың полиция департаменті азаматтарға интернет арқылы қызмет көрсетушілерге сенбеу керек немесе толық тексеру керек екенін ескертті. Виза рәсімдеу, жұмысқа орналастыру немесе басқа да ақылы қызметтер үшін алдын ала қаражат аудармас бұрын қызмет көрсетушінің заңды мен сенімді маман екеніне көз жеткізіңіз. Күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз! Тек ресми ұйымдар мен лицензиясы бар агенттіктердің қызметіне жүгінген жөн.
