Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша ел аумағындағы сайлау учаскелері жұмысын аяқтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Орталық сайлау комиссиясы елдегі барлық сайлау учаскелері жабылып, учаскелік комиссиялар дауыстарды санауға кіріскенін хабарлады. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Қазір учаскелік комиссиялар бюллетеньдерді санауға кірісті. Бұл – Қазақстандағы алғашқы Құрылтайды сайлау.
9,3 миллионнан астам сайлаушы дауыс берді
ОСК мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша 9 352 151 сайлаушы бюллетень алған. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 74,19%-ы.
Ең жоғары белсенділік Түркістан облысында – 92,16% тіркелді. Одан кейін Жетісу облысы – 91,19%, Қызылорда облысы – 90,75%, Ақтөбе облысы – 88,30% және Шығыс Қазақстан облысы – 87,50%.
Алматы қаласында сайлаушылардың 43,23%-ы, Астана қаласында 51,67%-ы дауыс берген.
Сағат 20:00-дегі сайлаушылардың қатысуы

Сайлау заңнамасы бойынша, учаскелерде дауыстарды санау санау басталған сәттен бастап 12 сағаттан аспауға тиіс. Аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру мен есептеудің алдын ала нәтижелері туралы мәліметтерді электрондық байланыс арналары арқылы Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.
Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелері арнайы брифиңде жарияланады. Брифиңнің нақты уақыты кейін қосымша хабарланады.
145 мандатқа 545 кандидат таласты
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттығына жеті саяси партия ұсынған кандидаттардың тізімдерін тіркеді.
Сайлауда 145 депутаттық мандат үшін 545 кандидат бақ сынады. Яғни бір мандатқа орта есеппен шамамен төрт кандидаттан келді.
