Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарына қандай талап қойылатынын және жаңа бір палаталы заң шығарушы органнан не күтетінін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тоқаев Құрылтай депутаттарынан не күтетінін айтты
24KZ телеарнасының тілшісі мемлекет басшысынан Құрылтайдың жұмысын бастауымен қандай өзгерістер күтетінін, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдар қабылдауы керегін және депутаттар қандай қасиеттерге ие болуға тиіс екенін сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихында алғаш рет бір палаталы парламенттік механизмнің құрылуын тарихи маңызы зор оқиға деп бағалады.
Құрылтайдың сайлануынан үлкен үміт күтемін және ол еліміздің дамуына үлкен серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар пайда болды, жаңа идеялар айтылды. Мен әрдайым жастарға өз ойын айтуға, мемлекет құру ісіне тікелей қатысуға мүмкіндік беру керек деп келемін, – деді президент.
Депутаттар заң сапасына жауап беруі керек
Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарының басты міндеттерінің бірі заңдардың сапасына жауап беру екенін атап өтті. Оның айтуынша, депутаттар қабылданған шешімдер мен әзірленген бағдарламалардың орындалуына да жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Біріншіден, олар заңдардың сапасына жауап береді деп үміттенемін. Екіншіден, берілген уәделердің немесе әзірленген бағдарламалардың жүзеге асуына жауап береді. Үшіншіден, әрине, бұл елдің дамуына бағытталған заңдар болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі кезеңнің күрделі екенін айтып, Қазақстанды заманауи әрі прогрессивті мемлекетке айналдыру үшін қоғамның бірігуі маңызды екенін жеткізді.
Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Қазақстанды прогрессивті, заманауи мемлекетке айналдыру үшін бәріміз бірігуіміз керек, – деді ол.
Тоқаев жаңа Конституция елді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі заң бүкілхалықтық қолдауға ие болды және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Біздің болашағымыз – жастардың қолында. Бұған ешқандай күмәнім жоқ, – деді мемлекет басшысы.
