Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 10 күн ішінде вице-президенттің кім болатыны белгілі болатынын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мемлекет басшысы бұл туралы Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін журналистердің сауалына жауап берген кезде мәлімдеді.
Вице-президент кім болады?
Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымының Конституцияға әдейі енгізілгенін және қазіргі жағдайда бұл қызметтің ел үшін маңызды екенін айтты.
Жұрттың бәрі вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет, – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, вице-президенттің кім екені келесі аптада немесе 10 күн ішінде жарияланады.
Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев: «Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек»
Президент алдағы кезеңде басқа да реформалар жүзеге асырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Мемлекет басшысы бұл органды жаңа саяси тетік деп атап, оның Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтетінін айтты.
Сонымен қатар Тоқаев ел бойынша ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспары бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, өңірлерде емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да нысандар салынады.
Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы сияқты маңызды нысандардың құрылысы жоспарланған. Президент қалаларды абаттандыру және «Таза Қазақстан» акциясын жалғастыру қажеттігін де атап өтті.
Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауының жалпы жақсы өткенін айтып, саяси науқан кезінде жаңа тұлғалар мен тың идеялар ұсынылғанын атап өтті.
Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, – деді президент.
