ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Құрылтай сайлауында дауыс беріп, сайлау науқанының қорытындысы мен болашақ Құрылтайдың жұмысына қатысты пікір айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Ең белсенді партия жеңіске жетеді»
Аида Балаеваның айтуынша, сайлау науқаны кезінде саяси партиялар белсенділік танытып, өз бағдарламаларының артықшылықтарын көрсетуге тырысқан.
Партиялар сайлау науқанына өте креативті әрі белсенді қатысты және әрқайсысы өздерінің партиялық бағдарламаларының артықшылықтарын көрсетуге тырысты. Қазақстандықтардың бейжай қарамай, сайлау науқанын бақылап, белсенді қатысып, бағдарламаларды тыңдағаны өте жақсы. Бүгінде олардың ең үздік партиялық бағдарламаға дауыс беруге тамаша мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Өйткені барлық партияның, әрине, Құрылтай құрамына барынша көп орын алуды көздейтіні белгілі. Алайда мұны сайлаушылар анықтайды. Менің ойымша, өз партиялық бағдарламасының артықшылықтарын көрсете алған ең белсенді партия жеңіске жетеді, – деді министр.
Болашақ Құрылтай қандай болуы керек деген сұраққа ол оның кәсіби жұмыс істеп, халықпен тығыз байланыста болуы маңызды екенін атап өтті.
Кәсіби болуы керек, халықтың мүддесін шын мәнінде көздеуі тиіс. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет, өйткені Ұлттық Құрылтайды халық сайлайды. Менің ойымша, Құрылтай депутаттары бізді, сайлаушыларды ұятқа қалдырмайды, – деді Аида Балаева.
«Көптеген министр өз қызметінде қалады деп ойлаймын»
Министр сайлаудан кейін үкімет құрамында өзгерістер болуы мүмкін бе деген сұраққа да жауап берді.
Оның айтуынша, қазіргі үкімет мүшелері кәсіби мамандардан құралған және олардың көпшілігі жұмысын жалғастыруы мүмкін.
Менің ойымша, бүгінгі таңда жұмыс істеп отырған үкімет құрамы өте кәсіби. Көптеген министр өз қызметінде қалады деп ойлаймын. Мемлекет басшысының жүзеге асырылып жатқан нақты міндеттері мен бастамалары бар. Олар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Меніңше, көптеген министр осы бағытты жалғастырып, жұмысын әрі қарай атқарады және үкімет құрамында қалады, – деді ол.
Өз саласындағы басым міндеттерге тоқталған Аида Балаева жаңа Конституцияға сәйкес қолданыстағы заңдар мен заңға тәуелді актілерді сәйкестендіру қажеттігін айтты. Сонымен қатар барлық саланы цифрландыру, азаматтарға тең мүмкіндік жасауға бағытталған әлеуметтік саясатты іске асыру және Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру алдағы жұмыстың маңызды бағыттары болатынын атап өтті.
Мәдениет және ақпарат саласына қатысты министр заң мен тәртіп қағидатын сақтау, сондай-ақ жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылды күшейту қажеттігін айтты.
Егер мен жаңа үкіметтің құрамында болсам, медиасала мен онлайн-платформалар саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істейтін боламыз. Қоғамда қаншама мәселе туындап жатқанын көріп отырмыз. Қазірдің өзінде бізде сіздермен бірге талқылайтын үлкен түзетулер пакеті бар, – деді Аида Балаева.
