Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов 23 тамызда ОКҚ-да өткен онлайн-марафон барысында дауыс беру күні сақталуға тиіс шектеулерді түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлап отыр.
Оның айтуынша, «Сайлау туралы» Конституциялық заңда дауыс беру күніне қатысты бірқатар талап белгіленген.
«Дауыс беру күні үгіт-насихат жүргізуге, толтырылған бюллетеньді фотоға, видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салынады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялауға болмайды. Сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте мұндай сауалнамалар жүргізуге тыйым салынады», – деді Ерлан Жанпейісов.
Оның айтуынша, «Сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарды бұзған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 220-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
