Қазақстанда жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана ақысының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, оның операторы ретінде «Отбасы банкі» АҚ белгіленген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Субсидия туралы
Бағдарлама аясында жалдау ақысының 50%-ын мемлекет субсидия ретінде төлейді, ал қалған 50%-ын алушы өз қаражаты есебінен өтейді. Мұндай қолдау азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделген.
2022 жылдан бері Қазақстанда 45 514 отбасы осы субсидияны алған. Алайда олардың бір бөлігі қазір бағдарлама бойынша төлем алмайды. Атап айтқанда, 34 246 алушымен жасалған шарт мерзімінен бұрын бұзылған.
Оның 20 424-і жалға берілетін немесе несиемен баспана алды. Ал бағдарлама талаптарын сақтамауына байланысты 13 822 отбасымен жасалған шарттар бұзылған.
Қазіргі уақытта жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау көмегін алып отырған отбасылардың саны – 11 268-ді.
Субсидияны кімдер ала алады?
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дәубек Керімбаевтың түсіндіруінше, мемлекет қолдауына мына санаттағы азаматтар үміткер бола алады:
- бірінші және екінші топ мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетім балалар;
- көпбалалы отбасылар.
Бұл ретте кейінгі алты айда отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек.
Өтініш беруші өз санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрғанын растауы қажет.
Субсидияға қалай өтініш беруге болады?
Субсидия алу үшін өтініш «Отбасы банкінің» ресми сайты арқылы беріледі.
Өтініш беру кезінде тұрғын үйді жалға беруші өз келісімін электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растауға тиіс.
Барлық белгіленген талап орындалған жағдайда «Отбасы банкі», субсидия алушы және тұрғын үйді жалға беруші арасында үшжақты шарт жасалады.
Мемлекет субсидиялары шартта көрсетілген күнге сәйкес уақтылы төленеді.
