Қарағанды облысының бас полицейі Негмет Исмағұлов суға батып бара жатқан төрт жастағы баланы құтқарып қалған жасөспірімге ерлігі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар 13 жастағы Нұралы Әлханның анасы Самал Абдрахмановаға алғыс хат берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Нұралыға ІІМ нышаны бейнеленген қолсағат сыйға берілді
Polisia.kz мәліметінше, тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көлінде төрт жасар бала мінген үрмелі матрас желден аударылып, бала суға құлап кеткен. Сол сәтте жағалаудағы 9-сынып оқушысы Нұралы Әлхан баланы суға батудан аман алып қалған. Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов Нұралыға ішкі істер министрлігінің нышаны бейнеленген қолсағатты сыйға берді. Алты баланы тәрбиелеп отырған Нұралының анасы Самал Абдрахмановаға да арнайы алғыс хат табыстады.
