Астананың барлық ауданында жаңа оқу жылына арналған мектеп жәрмеңкелері өтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
1-31 тамыз аралығында ұйымдастырылған жәрмеңкелерден елорда тұрғындары мектепке қажет тауарлар мен кеңсе керек-жарақтарын қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Мектеп жәрмеңкелері қай жерде өтеді?
Әкімдіктің мәліметінше, қазір жәрмеңкелер қаланың әр ауданында ұйымдастырылып жатыр. Сауда орындарына күн сайын 200-ден 400-ге дейін адам келіп, мектепке қажетті кеңсе тауарларын, оқу құралдарын және басқа да керек-жарақтарды сатып алуда.
Жәрмеңкелер әр демалыс сайын мына орындарда жұмыс істейді:
- Сарыарқа ауданы – «Рахмет» СОО, Н. Тілендиев даңғылы, 15;
- Нұра ауданы – Magnum супермаркеті, Тұран көшесі, 55Д, сонымен қатар Era bazary, Қорғалжын тасжолы, 96;
- Алматы ауданы – «Гүлжан» СҮ, Абылай хан даңғылы, 34 және «Астана Молл» СОО, Тәуелсіздік даңғылы, 34;
- Сарайшық ауданы – «Жібек жолы» СОО, А. Байтұрсынов көшесі, 34 және Damu Mall СОО, Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 26;
- Байқоңыр ауданы – «Аймақ-Тау» СҮ, С. Сейфуллин көшесі, 45/1.

«Мейірімді алақан» акциясы да өтіп жатыр
Мектеп жәрмеңкелерімен қатар Астанада әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған «Мейірімді алақан» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған.
Ірі сауда орталықтарында арнайы жәшіктер қойылған. Қала тұрғындары оларға мектепке қажет кеңсе тауарларын, оқу құралдарын және жаңа оқу жылына керек басқа да заттарды тапсыра алады.
Көмек жинауға арналған жәшіктер мына мекенжайларда орналасқан:
- Нұра ауданы – «Сарыарқа» СОО, Тұран даңғылы, 24;
- Байқоңыр ауданы – «Аймақ-Тау» СҮ, С. Сейфуллин көшесі, 45/1;
- Сарайшық ауданы – Damu Mall СОО, Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 26;
- Алматы ауданы – «Аружан» СОО, І. Жансүгіров көшесі, 8/1.
Жәрмеңкелер жаңа оқу жылына дайындалып жатқан ата-аналарға қажетті тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал «Мейірімді алақан» акциясы көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
