Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік дауыс беру қарсаңында және дауыс беру күні сақталуға тиіс негізгі ережелер туралы айтып берді.
22 тамыз — тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру күні кез келген сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге шектеу қойылады. Бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары, соның ішінде интернет материалдары бұрынғы орындарында қала береді. Алайда оларды интернет-ресурстарының басты беттеріне қайта жариялауға болмайды.
Сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға қатысты да арнайы шектеулер белгіленген. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді таратуға жол берілмейді.
Бұл ретте дауыс беру күні exit poll сауалнамасын тек дауыс беру үй-жайларынан тыс жерде және бұл туралы ОСК-ны хабардар еткен ұйымдар ғана жүргізе алады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньнің фото және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынады. Бұл ретте сайлаушының сайлау учаскесінде фотоға түсу құқығына шектеу қойылмайды. Сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде де фотоға түсуге болады. Дауыс беру күнінен кейін мұндай материалдарды таратуға қатысты тыйым қолданылмайды, өйткені бұл шектеу дәл дауыс беру күніне қатысты белгіленген», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Олар сайлау учаскелерінде болуға және заңнамада белгіленген өкілеттіктері шегінде дауыс беру барысын бақылауға құқылы. Бұл ретте байқаушыларға сайлау жәшіктерін, жасырын дауыс беруге арналған кабиналардың кіретін және шығатын тұсын байқау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.
Сайлау процесінің барлық қатысушысы учаскеде белгіленген тәртіпті сақтауға және азаматтардың еркін ерік білдіруіне кедергі келтірмеуге міндетті.
