Басты бет / Жаңалықтар /
Оңтүстік Корея
Фото Depositphotos.com

Енді Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін жұмыс істеуге болады. Іріктеу тәртібі

Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналастыру үшін Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы іріктеу тәртібі түсіндірілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бағдарламаға қатысу үшін азаматтар бірқатар талапқа сай болуы керек.

Кімдер Кореяға жұмысқа бара алады?

Бағдарламаға 18 бен 39 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Үміткер:

  • сотталмаған болуы;
  • бұрын Оңтүстік Кореядан депортацияланбауы;
  • елден шығуына сот немесе атқарушылық шектеулер болмауы керек.

Практикалық іріктеу Алматыда EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Кандидаттар алдымен корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK тестін тапсырады. Сонымен қатар олардың білімі, жұмыс тәжірибесі және кәсіби сертификаттары балдық жүйе бойынша бағаланады.

Тест пен медициналық тексеруден сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі.

Жұмысқа орналасуға кім шешім қабылдайды?

Ресми базаға енгізілген кандидаттардың арасынан Оңтүстік Кореядағы жұмыс беруші өзіне қажет қызметкерді өзі таңдайды. Сондықтан жұмыс іздеушілер тізіміне ену автоматты түрде Кореяға жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Соңғы шешімді жұмыс беруші қабылдайды.

Жұмыс беруші таңдаған азаматпен еңбек келісімшарты жасалады. Келісімде жұмыс жағдайы мен жалақы көлемі көрсетіледі.

Кореяға аттанар алдында Алматыдағы EPS орталығында міндетті дайындық курсы өткізіледі.  Жұмыс мерзімі үш жылға дейін белгіленеді. Кейін оны 1 жыл 10 айға дейін ұзартуға болады. Келісімшартын аяқтап, Кореядан өз еркімен қайтқан азаматтарға елге қайта барудың жеңілдетілген шарттары қарастырылған, — делінген хабарламада.

Министрлік азаматтарды делдалдарға алданып қалмауға шақырды. «Жұмысқа бірден орналастырамыз» немесе «іріктеуден жылдам өткіземіз» деп ақша сұрайтын жеке тұлғаларға сенуге болмайды.

Тіркеу мерзімдері, EPS-TOPIK тестінің кестесі және құжат тапсыру тәртібі туралы ресми ақпарат тек ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресурстарында жарияланады.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok