Басты бет / Жаңалықтар /
Оңтүстік Корея шоу
Фото: Алматы әкімдігі

Көктөбе, Көк базар, Қайыңды: Алматы Оңтүстік Кореяның танымал шоуында көрсетілді

Алматы Оңтүстік Кореяның MBC ұлттық телеарнасындағы миллиондаған көрермен тамашалайтын I Live Alone танымал шоуының жаңа шығарылымында көрсетілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстанға арналған арнайы түсірілім Алматы қаласы туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, бағдарлама 2026 жылғы 14 тамызда эфирге шықты.

Корей тележүргізушісі Алматының көрікті жерлерін аралады

Шығарылымның басты кейіпкері – танымал оңтүстіккореялық тележүргізуші әрі комик, I Live Alone бағдарламасының жүргізушілерінің бірі Чон Хен-му (Jun Hyun-moo).

Алматыға сапары барысында ол халықаралық әуежайда, Көктөбеде, Көк базарда, Арбатта және Қайыңды көлінде болған. Бағдарламада Алматының қалалық атмосферасы, гастрономиясы, жергілікті мәдениеті мен табиғи көрікті жерлері көрсетілді.

I Live Alone – Оңтүстік Кореядағы танымал ойын-сауық бағдарламаларының бірі. Чон Хен-мудың қатысуы шығарылымға деген қызығушылықты арттырған. Оның әлеуметтік желідегі парақшаларына 800 мыңнан астам адам жазылған.

Оңтүстік Корея шоу
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы туралы видео 500 мыңнан астам рет қаралды

Телевизиялық эфирден кейін Алматыға арналған шығарылым цифрлық платформаларда да аудитория жинаған.

MBC-дің ресми YouTube арнасында жарияланған Алматыға саяхат туралы видео қазірдің өзінде 500 мыңнан астам қаралым жинады. Арнаның шамамен 3 млн оқырманы бар. Көрермендер бейнероликтің астына Алматы туралы әсерлерін жазып, шығарылымға оң пікір білдіріп жатыр.

Оңтүстік Корея Алматы үшін туристік әлеуеті жоғары нарықтардың бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға осы елден 23 мыңнан астам турист келген.

Бұған дейін Алматыда SBS арнасының танымал «Менің кішкентай бойдақ жігітім» шоуының арнайы шығарылымы түсірілген. Енді қала MBC арнасындағы I Live Alone бағдарламасында көрсетілді. Бұл Алматының кореялық аудитория үшін туристік бағыт ретінде ғана емес, халықаралық медиажобалар түсіруге қолайлы қала ретіндегі әлеуетін де арттырып отыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram