Қазақстанда 124 теміржол вокзалын реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Қазір 17 облыстағы 72 вокзалды жаңарту жұмыстары аяқталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
72 вокзал жаңартылды
Жөндеу барысында вокзал ғимараттары мен инженерлік желілер, вокзал маңындағы аумақтар және жолаушылардың күту залдары жаңартылды. Ең қатты тозған нысандарда ескі ғимараттар толық бұзылып, олардың орнына жаңа жолаушылар кешендері салынған.
Үкіметтің мәліметінше, тамыз айының соңына дейін тағы 34 вокзалды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал 15 нысандағы жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.
Жалпы, 2026 жылы 124 вокзалдың 121-ін реконструкциялау жоспарланған.
Астана, Алматы және Түркістан вокзалдары 2027 жылы жаңартылады
Қалған үш ірі нысан – Астана, Алматы және Түркістан вокзалдарындағы жұмыстар 2027 жылы аяқталады.
Үкімет бұл вокзалдардың тарихи-архитектуралық құндылығы бар екенін атап өтті. Сондықтан оларды жаңарту жұмыстары ғимараттардың бастапқы сәулеттік келбетін сақтауға қойылатын талаптарды ескере отырып, жеке кесте бойынша жүргізіліп жатыр.
Жаңғырту жұмыстары теміржол инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
