Басты бет / Жаңалықтар /
Қыздар, әйелдер, аналар
Фото: Ernur.kz

Қазақстанда жұмыссыз қалған әйел саны артты

Қазақстанда әйелдер арасындағы жұмыссыздық ерлерге қарағанда көбірек. Ал гендер теңсіздігі тек ер мен әйелдің жалақысындағы айырмашылықпен шектелмейді. Бұған әйелдер арасында белең алған жұмыссыздық, шамадан тыс үй шаруасы, табысы көп саланың аз екені және өңірлердегі ерекшелік пен әлеуметтік таптаурын себеп. Ресми дерек бойынша, еліміздегі 5% әйел жұмыссыз, кей өңірде бұл көрсеткіш 12%-ға дейін жетеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Орталық Азиядағы әйелдердің жұмыссыздық деңгейі жоғары

Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, былтыр қарашада Қазақстанда әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5% болған. Бұл ерлер көрсеткішінен 1,4% көп. Әлем бойынша да бұл көрсеткіш әйелдер арасында 5%, ал ерлер арасында 4,8% болған.

Finprom дерегінше, Орталық Азия елдеріндегі жағдай тұрақты емес. Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанда да әйелдердің жұмыссыздық деңгейі ерлерден жоғары.

Өзбекстанда әйелдер арасындағы жұмыссыздық 6,6%, ерлер арасында 3,5% болса, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 4% және 3,2% болған. Ал Тәжікстан мен Түрікменстанда керісінше, жұмыссыз ерлер көбірек.

Еліміздің әр өңіріндегі көрсеткіш

Әйелдер арасындағы жұмыссыздық әр өңірде әртүрлі. Былтыр Алматы, Атырау, Жетісу және Қызылорда облысында ерлердің жұмыссыздық деңгейі әйелдерден жоғары болған. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысында екі көрсеткіш тең түскен.

Ал қалған 12 өңірде әйелдердің жұмыссыздығы ерлерден жоғары болды.

Ең үлкен айырмашылық Маңғыстау облысында тіркелген. Мұнда ерлер арасындағы жұмыссыздық 2,5% болса, әйелдерде 8% болған. Демек, айырмашылық 5,5%.

Аудандардағы жағдай бұдан да күрделі. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 2025 жылы әйелдер арасындағы жұмыссыздық 11,7%-ға жеткен. Ал ерлерде бұл көрсеткіш небәрі 0,6% болған.

Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында әйелдердің жұмыссыздығы 7,9%, ерлерде 2,3% тіркелді. Ақтөбе облысының Алға ауданында әйелдер арасындағы көрсеткіш 7,8% болса, ерлерде 2,7% болды.

Егде жастағы әйелдерге жұмыс табу қиын

Статистика әйелдердің жасы ұлғайған сайын жұмыс табуы қиындайтынын көрсетті.

Ең жоғары көрсеткіш 55-64 жастағы әйелдер арасында байқалған — 8,6%. 35-44 жастағы әйелдердің жұмыссыздығы 5,8%, 45-54 жастағыларда 4,9% болған.

Бұл еңбек нарығындағы бірнеше мәселе бар екенін білдіреді. Олардың қатарында жұмыс берушілердің жасқа қатысты таптаурын, жаңа мамандықтарды меңгеру қиындығы және еңбек нарығындағы өзгеріске бейімделу мәселесі бар.

Білімі төмен әйелдердің жұмыссыздығы жоғары

Білім деңгейі мен жұмысқа орналасу арасында да байланыс бар.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар әйелдердің жұмыссыздық деңгейі ең төмен — 3,5%. Ал тек мектеп аттестаты бар әйелдер арасында бұл көрсеткіш 11,4%-ға жетеді. Негізгі орта білімі бар әйелдерде жұмыссыздық 15,6%, жалпы орта білімі барларда 11,9% болған.

Жасы 55-64 аралығындағы және білімі орта деңгейден жоғары емес әйелдер еңбек нарығында ең осал топтың біріне жатады. Демек, олар жас ерекшелігіне байланысты және кәсіби дағдысының жетпеуіне байланысты жұмыссыз қалуы мүмкін.

Әйелдердің көбі жұмыстан өз еркімен кетпеген

Ұлттық сатистика бюросының мәліметінше, биыл сәуір-маусым айында Қазақстанда 242,7 мың жұмыссыз әйел болған. Бұл былтырғы жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 1,6% көп.

Олардың 32,7%-ы бұрынғы жұмысынан шыққаннан кейін жұмыссыз қалған. Бұл — 79,3 мың әйел. Бір жыл ішінде осы себеппен жұмыссыз қалған әйелдердің саны 65,8% өскен.

Ал жұмыс табуға мүмкіндік болмағанын себеп ретінде көрсеткен әйелдердің саны 63,8 мыңнан 44,7 мыңға дейін, шамамен 30% азайған.

Штаттың қысқаруы немесе кәсіпорынның жабылуы салдарынан жұмыссыз қалған әйелдердің саны да 9,9% төмендеген.

Жұмыссыздықтың экономикалық себебінен бөлек, отбасы жағдайы да маңызды фактор болып отыр. 33,3 мың әйел жұмысын отбасы жағдайына байланысты тастаса, 30,8 мың әйел үй шаруасымен айналысу үшін жұмысынан кеткен.

Әйелдер жұмысты қайдан іздейді?

Қазақстандағы әйелдер жұмыс іздеген кезде онлайн платформалардан жиі іздейді. Ал 103,1 мың әйел жұмыс іздеп жатқанда достарына, таныстарына немесе туыстарына хабарласқан. 21,1 мың әйел жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатқан.

Жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне 30,4 мың әйел жүгінген. 70 мыңнан астамы онлайн платформа мен әлеужеліге түйіндемесін жүктеген.

Сонымен қатар мемлекеттік жұмыспен қамту органдарына жүгінген әйелдердің саны бір жылда 27,9% азайып, 67,8 мыңнан 48,9 мың адамға түскен.

Бұл әйелдердің жұмыс іздеу кезінде таныс, жеке агенттік, онлайн платформа мен әлеужелі секілді бейресми және мобайл қолданбаларға жиі сүйене бастағанын көрсетеді.

***

Тағы оқыңыз: 

Әйелі бала көтеріп қойғаннан сақтайтын әдіс. Вазэктомия деген не?

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram