Қазақстанда БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның жинақтары күйіп кетпейді. Зейнетақы жинақтары заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Бұл ретте мұрагерлерге ақшаны рәсімдеуге белгіленген мерзімді өткізіп алмау маңызды. Baribar.kz жинақта қалған ақшаның кімге тиесілі екенін және оны алу жолдарына шолу жасайды.
Қайтыс болған адамның жинағы кімге тиесілі?
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары жеке зейнетақы шотында сақталады және оларды алушы немесе ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлері талап еткенге дейін шотта сақталады.
Яғни адамның зейнет жасына жетпей қайтыс болуы оның БЖЗҚ-дағы жинағының жойылатынын білдірмейді. Жинақ мұрагерлік тәртіппен рәсімделеді.
Мұрагерлер 6 ай ішінде нотариусқа жүгінуі керек
БЖЗҚ мәліметінше, жинағы бар адам қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері 6 ай ішінде нотариусқа жүгінуге тиіс.
Мұрагерлер қайтыс болған адамның жинағын мұра ретінде рәсімдеп, мұраға құқық туралы куәлік алу үшін нотариусқа жүгінуге тиіс.
Мұрагерлер белгіленген 6 ай мерзімді өткізіп алса, мұраға құқықты қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет.
Жерлеуге берілетін біржолғы төлем
Қайтыс болған салымшының отбасына БЖЗҚ тарапынан оның жеке зейнетақы жинақтары есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлем беріледі.
Төлем мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республика бюджеті туралы заңда белгіленген 94 АЕК-тен аспауға тиіс. Төлем қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы қаражат көлемінен көп болмауға тиіс.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны жақынын жерлеу рәсімін қарызсыз өткізе алмайтыны туралы статистикаға негізделген мақала жазылған.
