Басты бет / Жаңалықтар /
Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Тоқаев Қазақстанның сирек металдар саласындағы әлеуетін пайдалануды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен аса маңызды минералдар, оның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорда мәліметінше, мемлекет басшысы Қазақстанның ресурстық және өндірістік әлеуеті жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғанын атап өтті. Президент қазіргі геосаяси ахуал еліміз үшін минералдық ресурстарды тиімді пайдалануға жаңа мүмкіндік беріп отырғанын айтты.

Тоқаев аса маңызды материалдарға сұраныстың артып отырғанын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде аса маңызды материалдарға қол жеткізу үшін мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп келе жатқанын атап өтті.

Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр, – деді президент.

Оның айтуынша, аса маңызды минералдар жоғары технологиялық салаларды дамыту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Сондықтан Қазақстан қолда бар ресурстары мен өндірістік әлеуетін тиімді пайдаланып, өндіріс тізбегін жүйелі түрде дамытуы қажет.

Үкіметке бірқатар тапсырма берілді

Жиын барысында үкімет мүшелері саланың қазіргі жағдайы, минералдық ресурстар қорын игеру перспективалары, қайта өңдеу бағытын дамыту және саладағы негізгі кедергілер туралы баяндады.

Отырыс қорытындысы бойынша үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берілді.

Атап айтқанда, саланы дамытудың жүйелі тәсілін қалыптастыру, реттеу тетіктерін жетілдіру, геологиялық барлау мен қайта өңдеуді дамыту, техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу көзделді. Сонымен қатар зертханалар базасы мен кадрлық әлеуетті күшейту, сонымен бірге әкімшілік кедергілерді жою жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram