Алматы облысының тауларындағы Северцов мұздығынан табылған альпинистің денесі 19 тамызда төменге түсірілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қайтыс болған адамның жеке басы сақталған альпинистік жабдықтары арқылы анықталды. Марқұмның рюкзагын 19 жыл бұрын жоғалып кеткен альпинистің қызы таныған.
Рюкзактан кейін альпинистің қызы байланысқа шыққан
Оқиғаның мән-жайын Алматы тұрғыны Анастасия Ахметова Facebook-парақшасында жариялады. Оның айтуынша, таудан адам денесін бұған дейін Беларусьтен келген туристер тапқан.
Әлеуметтік желі қолданушылары марқұмның жеке басын сақталған альпинистік құрал-жабдықтар арқылы анықтауға болады деген болжам айтқан. Әсіресе ауыр металл қаңқасы бар рюкзакқа назар аударылған. Мұндай рюкзактар 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында кеңінен қолданылған. Осыған байланысты альпинистің денесі тауда шамамен 20 жыл жатуы мүмкін деген болжам пайда болған.
Арада бірнеше сағат өткен соң жарияланым авторына 19 жыл бұрын жоғалып кеткен альпинистің қызы Нелля Михеева хабарласқан.
19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Таңертең құрбым рюкзактың суреті бар жазбаны жіберді. Ол біздің рюкзакқа қатты ұқсайтын. Кейін сол жазбаны күйеуім де жіберді. Мен төтенше жағдайлар министрлігіне хабарластым, – деді Нелля Михеева Instagram-парақшасында.

Рюкзактың ішінен әкесінің құжаты табылған
Нелля Михееваның айтуынша, ТЖМ қызметкерлері оған денені таудан түсірген құтқарушы мен тергеушінің байланыс нөмірлерін берген.
Тергеуші менен фотосуреттер мен құжаттарды жіберуді сұрады. Кейін қайта хабарласып, рюкзактың ішінен әкемнің атына берілген куәлік табылғанын айтты, – деді ол.
Осылайша 19 жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен альпинистің кім екені анықталған.
Нелля Михеева оқиғаға бейжай қарамай, ақпаратты таратуға көмектескен туристерге, блогерлер мен журналистерге, сонымен қатар құтқарушылар мен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларындағы мұздықтан адам денесі табылғаны хабарланған болатын.
Ақпарат түскеннен кейін ҚР ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына барып, денені таудың қолжетімдігі қиын учаскесінен эвакуациялаған.
