Басты бет / Жаңалықтар /
3c59dc048e8850243be8079a5c74d079 scaled Фонограммамен ән айтқандарға қанша айыппұл салынады?
Svjata Vatra тобының әншісі Руслан Трочинский. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Фонограммамен ән айтқандарға қанша айыппұл салынады?

Енді Қазақстанда концерт және мәдени іс-шарада фонограмманы заңсыз қолданған өнер иесі мен ұйымдастырушыларға әкімшілік жауапкершілік бар. Мамыр айында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс еніп, жаңа талап бекіді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жаңа ереже бойынша, концерт кезінде әншілерге дауыс немесе вокал фонограммасын заңсыз қолдануға жол жоқ. Мұндай жағдайда әншінің өзіне де, іс-шараны ұйымдастырған заңды тұлғаға да айыппұл салынуы мүмкін.

Айыппұл көлемі қанша?

2026 жылы Қазақстанда бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болып белгіленген. Осы мөлшер бойынша, фонограмманы заңсыз қолданғаны үшін мынадай айыппұл қарастырылған:

Бірінші рет құқық бұзса:

  • жеке тұлғаларға, соның ішінде әншілерге 100 АЕК (432 500 теңге);
  • концерт ұйымдастырғандар мен агенттіктерге 150 АЕК (648 750 теңге).

Заңсыздық бір жыл ішінде қайталанса:

  • жеке тұлғаларға 150 АЕК (648 750 теңге);
  • заңды тұлғаларға 200 АЕК (865 000 теңге) айыппұл салынады.

Қандай жағдайда айыппұл салынбайды?

Заңда фонограмма қолдануға қатысты талаптан бөлек жағдайлар да көрсетілген. Ереженің телевизия түсіріліміне қатысы жоқ. Демек, телебағдарлама немесе концертті телеарна үшін түсіру кезінде бұл талап ескерілмейді.

Сонымен қатар концерт немесе мәдени іс-шара өткізуге арналмаған әрі бейімделмеген орында өтетін жиындарға да бұл норма қолданылмайды.

Сондықтан арнайы концерт залдарында, сарайларда немесе ашық сахналарда өтетін іс-шара кезінде дайын фонограмманы заңсыз пайдаланған орындаушылар мен оларды ұйымдастырушы компаниялар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram