Қазақстан тұрғындарының 34,7%-ы жақын адамын жерлеу рәсімін қарызға немесе несиеге жүгінбей өткізе алмайды. Мұндай дерек 2026 жылы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жүргізген халықтың өмір сүру сапасына қатысты зерттеуінде келтірілген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Зейнеткерлер – ең осал топ
Зерттеу бойынша бұл көрсеткіш 2023 жылдан бері айтарлықтай өзгермеген. Кейінгі бірнеше жылда жерлеу рәсімін қарызсыз өткізе алатындар үлесі 63–66%, ал мұндай шығынды қарызсыз өтей алмайтындардың үлесі 34–37% аралығында болып отыр. Жас ерекшеліктері бойынша көрсеткіштерге қарағанда, өзін ең осал сезінетіндер – зейнеткерлер. Олардың 41,2%-ы жақынын жерлеу шығынын қарызсыз өтей алмайтынын айтқан (бұл орташа деңгейден 6 пайыздан астам жоғары).
Ал 29–38 жастағы респонденттердің 71,5%-ы мұндай шығынды өзі жаба алатынына сенімді. Дегенмен экономикалық жағынан ең белсенді топтың өзінде респонденттердің 28%-ға жуығы бұл шығындарды қарызсыз өтей алатынына сенбейді.
Нарық көлемі неге 3,5 есе өсті?
Рәсім қызметтеріне жұмсалатын ресми шығын да өскен. 2024 жылы тұрғындар бұл салада 6,4 млрд теңге жұмсаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,2 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде жерлеу бюроларының қызметі 7,4 млрд теңге, ал жерлеу мен кремация қызметі 14,8 млрд теңге болған.
Бұл өсім елдегі өлім-жітімнің көбейгенін білдірмейді. Көрсеткіштердің күрт өсуі осындай қызмет көрсететін кәсіпкерлердің бір бөлігінің «көлеңкелі экономикадан» шығуымен байланысты болуы мүмкін.
Халықтың бұл рәсімге жұмсайтын шығыны 22,2 млрд теңгеден де көп болуы мүмкін. Себебі ресми статистикаға денені тасымалдау, қабір қазу, жерленетін орынды абаттандыру сияқты қызметтерге төленетін қаражат қана кіреді. Ал қажетті заттар, киім, кілем немесе табыт пен қонақасы беруге жұмсалатын ақша бұл есепке енбеген (асханалар мен кафелердегі еске алу асына жұмсалатын шығын бұл статистикаға кірмейді, өйткені мұндай қызметтер қоғамдық тамақтану саласына жатқызылады).
Бағаның өсу қарқыны және өңірлер айырмашылығы
Жерлеу қызметтерінің бағасы 2022 (114,7%) және 2023 (120,6%) жылдары күрт қымбаттаған еді. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында жерлеу рәсімі қызметтері бағасының индексі 106,6% болды, яғни баға 6,6%-ға өскен.
Өңірлер бойынша баға саясаты әртүрлі: Ақтөбе облысында баға 20%-ға қымбаттаса, Абай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында және Астанада баға өсімі мүлдем тіркелмеген.
БАҚ шолуларына сәйкес, ірі қалаларда стандартты жерлеу рәсімі шамамен 250–600 мың теңге тұрады (бұл сомаға қонақасы шығындары кірмейді).
Қаржы сауаты
Зерттеу тағы бір маңызды мәселені көрсетті: респонденттердің 17,5%-ы шұғыл жағдайда тіпті 30–40 мың теңге көлеміндегі күтпеген шығынды өтей алмайтынын айтқан. Зейнеткерлер арасында мұндай шығынға дайындығы жоқтардың үлесі 21%-ға жетеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай халықтың қаржы сауаты деңгейінің салыстырмалы түрде төмен екенін, отбасы бюджетінің тек қысқа мерзімге жоспарлануын және табыстың қор жинауға жетпейтінін көрсетеді. Сарапшылар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кемінде 3–6 айлық шығынды жабатын қаржы қорын жинақтауды ұсынады.
Еске сала кетейік, көрші елде той мен асқа бақылау күшейіп, президенті жаңа заңға қол қойды.
