2026 жылғы 9 қыркүйекте Алматыдағы The Ritz-Carlton Almaty қонақүйінде Қазақстанның үздік сомельесін анықтайтын ұлттық байқау өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Les Grands Chais de France The Best Sommelier of Kazakhstan 2026 сайысын Kazakhstan Sommelier Association (KazSomm) ұйымдастырады.
60-қа жуық сомелье бақ сынайды
Елдің үздік сомельесі атағы үшін 60-қа жуық қатысушы жарысады. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде үздік 10 қатысушы жартылай финалға өтеді. Олардың арасынан үш маман финалда бақ сынайды. Қатысушылардың теориялық білімі, соқыр дегустация жасау қабілеті және кәсіби сервис көрсету шеберлігі сыналады.
Kazakhstan Sommelier Association емтихан және білім беру бөлімінің басшысы Ратмир Ахметовтің айтуынша, байқау жыл сайын күрделеніп, халықаралық стандарттарға жақындай түскен.
Сомельелер білім деңгейіне, соқыр дегустацияға және сервистік тапсырмаларға қойылатын талаптарды жақсырақ түсінеді. Дайындық жүйелі бола түсті, – деді ол.
Қазақстандағы алғашқы сомельелер байқауы 2017 жылы өткен. Осы уақыт ішінде мамандардың дайындық деңгейі айтарлықтай өскен. Қазір байқауда Халықаралық сомельелер қауымдастығының (ASI) стандарттары көбірек ескеріледі.

Байқаумен қатар шарап көрмесі өтеді
Биылғы байқаудың халықаралық қазылар алқасына Эстониядан Микк Парре мен Франциядан Ксения Волосникова қатысады.
Микк Парре – ASI Best Sommelier of Europe, Africa & Middle East 2024 атағының иегері, Эстония мен Балтық елдерінің үздік сомельесі байқауларының екі дүркін жеңімпазы. Ол Estonian Sommelier School оқытушысы әрі Star Wine List қазылар алқасының мүшесі.
Ксения Волосникова – DipWSET және Weinakademiker біліктіліктерінің иегері, сонымен қатар ASI-дың маркетинг және коммуникация жөніндегі маманы.
KazSomm кураторы Наталья Будаеваның сөзіне қарағанда, халықаралық сарапшылар Қазақстанның шарап нарығы мен қазақстандық сомельелердің кәсіби деңгейіне қызығушылық танытып отыр.
Сайыспен қатар өндірушілер мен импорттаушылардың қатысуымен шарап көрмесі де ұйымдастырылады. Былтыр көрмеге 350-ден астам қонақ келіп, 13 елден 130-дан астам сусын мен гастрономиялық өнім ұсынылған. Көрме кәсіби мамандарға жаңа өнімдермен танысып, нарық қатысушыларымен байланыс орнатуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Байқаудың финалы мен шарап көрмесі келушілерге ашық. Билеттер сатылымда.
Іс-шараны Kazakhstan Sommelier Association ұйымдастырады. Қауымдастық Association de la Sommellerie Internationale (ASI) мүшесі болып саналады және сала мамандарына кәсіби сертификаттау, білім беру бағдарламалары мен түрлі іс-шаралар өткізеді. Байқау Les Grands Chais de France қолдауымен өтеді.
