Басты бет / Жаңалықтар /
жарық, шам, тұрғын үй, свет
Фото: Ерқанат Аманкел

Атырауда мұғалімге еден мен люстра жууды тапсырған. Білім басқармасы тексеріс бастады

Атыраудағы мемлекеттік мектептердің бірінде педагогтың мектеп әкімшілігі тарапынан қысым көргені туралы шағымы әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мұғалім әлеуметтік желіде жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп кабинетін жөндеуге тартылғанын айтқан.

Мұғалім бір апта бойы кабинетті жөндеген

Педагогтың айтуынша, еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, одан класты жаңа оқу жылына дайындау талап етілген. Мұғалім бір апта бойы еден жуып, шаң сүртіп, қабырғаларды әктеген.

Оның сөзіне қарағанда, жөндеу мен тазалыққа қажетті жуғыш құралдар мен шүберектерді де өз қаражатына сатып алған. Педагог бұл талаптарға жанжал шығармау үшін және оқушыларының нашар жағдайда отырғанын қаламағандықтан келіскенін айтқан. Алайда мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары одан баспалдаққа шығып, төбедегі электр плафондары мен люстраларды жууды да талап еткен.

мектеп
Фото: https://www.threads.com/@sandjiina/

Мұғалім өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтып, бұл жұмыстан бас тартқан. Бұған жауап ретінде оған «үйіңізде люстра жумайсыз ба?» деген сөз айтылған.

Педагог өз міндетіне жатпайтын және қауіпті жұмысты орындаудан бас тартатынын мәлімдеген.

Білім басқармасы қызметтік тексеріс бастады

Оқиға әлеуметтік желіде фото-дәлелдермен таралып, көпшіліктің назарын аударғаннан кейін Атырау облысының білім басқармасы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

Басқарма педагогтарды білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстарына тарту фактілері бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, мұғалімдердің еңбек құқықтары еңбек заңнамасы және «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес қорғалуға тиіс. Егер тексеру барысында педагогтарды заңсыз жұмысқа тарту фактілері анықталса, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданады.

Тексерудің қорытындысы қосымша жарияланады. Білім басқармасы педагогтардың құқықтарын қорғау мәселесін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram