The New York Times газеті Google деректеріне сүйене отырып, эмоджилердің қолданылу трендін зерттеді. Зерттеуге 2025 жылы Android-тағы Gboard пернетақтасы арқылы жіберілген 665 миллион эмоджи енгізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Эмоджилердің қолданылу тренді
Google пайдаланушылардың жасы және басқа да демографиялық мәліметтерді жинамайды. Сондықтан басылым жалпы анықталған нәтижелерді Reddit-тегі талқылаулармен салыстырған. Reddit желісіндегі түрлі қауымдастықтарда әр буынның қандай эмоджилерді жиі қолданатынын байқауға болады.
Зерттеу нәтижесінде зумерлердің эмоджи қолдану стилі де өзгергені анықталды. Мысалы, олар 💔 жүрегінің орнына 🥀, 💯 орнына 🔥, ал 👍 орнына 🙏 эмоджилерін қолдана бастаған.
Алайда әлемде ең көп қолданылатын эмоджи 😭 болды. Ол қайғылы жағдайды білдіру үшін ғана емес, күлкілі, ыңғайсыз немесе әсерлі сәттерде де қолданылады.
Жылап тұрған эмоджи рейтиңте бірден үш орын көтеріліп, бұрыннан кең таралған 🤣 және 😂 эмоджилерін басып озған. Зерттеуде бұл эмоджилер жастар арасында тым жиі қолданылып, қадірі кеткені жазылған.
Торонто университетінің лингвисі Сали А. Тальямонтенің айтуынша, жасөспірімдер тілдегі өзгерістерді ең бірінші болып қабылдайды, сондықтан эмоджилердің де өзгеруі – заңды құбылыс.
Эмоджилер рейтиңі жыл сайын аздап өзгереді
Кейінгі жылдардағы ең жиі қолданылатын эмоджилер ондығы көп өзгермейді. Дегенмен осы ондық ішінде эмоджи орындары үнемі ауысып отырады.
Қазіргі таңда 3600-ден астам эмоджи бар. Дегенмен өткен жылы пайдаланылған барлық эмоджидің 36 пайызы дәл осы танымал 10 эмоджиге тиесілі.
The New York Times ұсынған инфографикада әлем бойынша ең көп қолданылатын он эмоджи және олардың 2024 жылмен салыстырғандағы рейтиңі көрсетілген.
2025 жылғы ТОП-10 эмоджи
| 2025 жыл | 2024 жыл | Эмоджи | Атауы | Орын өзгерісі |
| 1 | 4 | 😭 | Көз жасын көл қылып жылау | ⬆️ 3 |
| 2 | 1 | 🤣 | Ішек-сілесі қатқанша күлу | ⬇️ 1 |
| 3 | 2 | 😂 | Көзден жас шыққанша күлу | ⬇️ 1 |
| 4 | 3 | ❤️ | Қызыл жүрек | ⬇️ 1 |
| 5 | 6 | 🙏 | Алғыс айту / Дұға ету/ Өтініш | ⬆️ 1 |
| 6 | 5 | 😘 | Жүрекше жіберіп сүю | ⬇️ 1 |
| 7 | 8 | 🥰 | Сүйіспеншілікке/Мейірімге толы эмоджи | ⬆️ 1 |
| 8 | 7 | 👍 | Мақұлдау / Келісу ишарасы | ⬇️ 1 |
| 9 | 9 | 😍 | Ғашық болған смайлик / Таңданыс | ➖ 0 |
| 10 | 10 | 😁 | 32 тісін көрсетіп күлу | ➖ 0 |
| 11 | 13 | 🥺 | Көзі мөлдіреп/жәутеңдеп қарау | ⬆️ 2 |
Инфографика: The New York Times
Бұған дейін сайтымызда берілген Эмоджилар арқылы әдеби шығарма атауын таба аласыз ба? тестін тапсыра аласыз.
