Алматы облысының Талғар ауданында, Северцев мұздығы маңында туристер белгісіз адамның денесін тапты. Оқиға шамамен 3400 метр биіктікте болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құтқарушылар денені таудан эвакуациялады
Ақпарат түскеннен кейін ҚР ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына барып, денені таудың қолжетімдігі қиын учаскесінен эвакуациялаған. Марқұмның денесін таудан жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды.
Эвакуациядан кейін дене Алматы облысының жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне тапсырылды. Қазір қаза болған адамның жеке басын анықтау және оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ТЖМ туристерге ескерту жасады
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында маршрутты алдын ала зерттеп, ауа райын ескеруге шақырды. Сонымен қатар туристерден өздерінің физикалық мүмкіндігі мен дайындық деңгейін объективті бағалау сұралды.
Құтқарушылар жоспарланған маршрут пен қайту уақытын жақындарға алдын ала хабарлауды, қуатталған ұялы телефон мен байланыс құралдарын, сонымен қатар қажет жабдықтарды алып жүруді ескертті, — делінген хабарламада.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларындағы мұздықтан адам денесі табылғаны хабарланған болатын.
