Басты бет / Жаңалықтар /
Қанат Сырлыбай, шебер, ағаш ойыншық
Фото: ЖИ

Ағаш ойыншыққа сұраныс бар. Қанат Сырлыбай ойыншық жасауды қалай кәсіпке айналдырды?

Ойыншық баланың жай ермегі емес. Ол баланың қиялын дамытып, қоршаған ортаны танып-білуіне және жаңа нәрсе үйренуіне көмектеседі. Алматыда тұратын дизайнер әрі суретші Қанат Сырлыбай балаларға ағаштан эко-ойыншық пен түрлі бұйым жасайды. Шебер бұл істі бірнеше жыл бұрын хобби қылып бастаған.
Baribar.kz тілшісі шебермен сұхбаттасып, ағаш ойыншықтарды қалай жасайтынын, мұндай бұйымдарға сұраныс қандай екенін және ойыншықтың қауіпсіз болуына қалай мән беретінін білді.

Баласына ойыншық жасаудан басталған хобби

Қанат Сырлыбай — графика дизайнері, суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі әрі плакатшы. Ол әлеуметтік мәселелерге арналған плакат салумен айналысады. Сонымен қатар колледжде өнер саласынан сабақ беріп, ірі типографияларда бас суретші болып жұмыс істеген.

Қанат Сырлыбай, шебер, ағаш ойыншық
Фото: Қанат Сырлыбайдың жеке архивінен

Ағашты кәдеге асыруға әуестігі бала кезінен болғанымен, бұл материалмен кәсіби жұмыс істей бастағанына бес-алты жылдай болған. Алғашқы бұйымының бірі сағат еді. Кейін балалары балабақшаға барған кезде оларға қолдан ойыншық жасай бастаған.

Бұл кәсібім хобби болып басталды. Балам ойыншық сұрады. Содан соң оған қолдан көлік, ұшақ жасап беріп жүрдім. Уақыт өте келе балабақшадағы ата-аналар көріп, қызыға бастады. Кейін тапсырыс түсті, сұраныс пайда болды. Нәтижесінде ағаштан бұйым жасауды кәсіпке айналдырдым, — дейді Қанат Сырлыбай.

Қанат Сырлыбай, шебер, ағаш ойыншық
Фото: Қанат Сырлыбайдың жеке архивінен

Алғашында шебердің арнайы станоктары болмаған. Сондықтан ойыншықтарды қарапайым құралдармен жасаған. Кейін тапсырыс көбейіп, ағаш өңдеуге қажет станок ала бастаған.

Қазір Қанат мырзаның 120 шаршы метр болатын жеке шеберханасы бар. Онда ағаш кесуге, өңдеуге және бұйымдарға қажет пішін беруге арналған бірнеше станок тұр.

Тапсырыс әлеужелі мен балабақшалардан түседі

Шебердің айтуынша, қазір тапсырыс берушілер оны көбіне әлеужелі арқылы табады. Қанат мырза жұмыс процесін аптасына екі-үш рет жариялап отырады. Кейде жұмыс қызып, парақшасына бейнежазба жүктеуді ұмытып кететін кезі де болатынын айтты.

Соған қарамастан, оның жұмыстары жарияланғаннан кейін көбі хабарласып, өзіне ұнаған бұйымға тапсырыс береді. Кей тұтынушы ғаламтордан ағаштан жасаған қызық немесе баланы дамытатын ойыншық көріп, сол бұйымды шеберге жібереді.

Әрине, әлеужелі көмектеседі. Сол арқылы хабарласады, қажет бұйымын айтып, тапсырыс береді. Тұтынушыларым өзіне керек ойыншық, туындының фотосын ұсынатын кездер болады. Сұранысқа қарай әрбірін жасап беруге тырысамын, — дейді шебер.

Қанат мырза тек жеке тапсырыспен шектелмейді. Балабақшалар да түрлі дамытатын ойыншыққа тапсырыс береді. Кейде нақты идея болса, соған қарай жеке эскиз әзірленеді. Бір бұйымды дайындап жатқанда тапсырыс берушінің қалауы мен баланың жас ерекшелігі де ескеріледі.

Қанат Сырлыбай, шебер, ағаш ойыншық
Фото: Қанат Сырлыбайдың жеке архивінен

Ағаш таңдау процесі

Шебердің айтуынша, жақсы өңделетін және балалар ойыншығын жасауға ыңғайлы ағаш таңдауға аса мән береді. Ол ағашты дайын күйінде кез келген жерден алмай, арнайы орыннан таңдайды.

Сапалы ағаш бұйым жасау үшін материалды дұрыс таңдау керек. Бұл ағашты кесу, қажет формаға келтіріп, дайын кезінде де ұзақ қызмет етуі үшін маңызды.

Мен шамшат, ерен, қарағаш сынды ағаш түрін аламын. Тексерілген, өзім қолданып жүрген материал сататын орыннан сапалысын таңдауға тырысамын. Себебі алдағы жұмыс соған байланысты. Ағаштың берік, қатты болғаны жөн. Жарылмауына, жаңқасы баланың қолына кірмеуіне, жұмысқа ыңғайлы болуына мән беремін, — дейді Қанат Сырлыбай.

Ағаш ойыншық қанша тұрады?

Шебер алдымен бұйым қандай болатынын ойластырып, эскиз сызады. Кейін оны компьютердегі арнайы қолданбаға салып, нақты өлшемін дайындайды.

Одан кейін сызба станокқа салынып, ағаш кесіледі. Бұған арнайы нақыштама станок та бар. Ағаш кесілгеннен кейін оны сүргілеп, тегістеп, өңдейді. Кейін жонып, шеті түзеледі. Ойыншықтың бөлшектері желімделіп, соңында боялады немесе арнайы маймен өңделеді.

Ағаш ойыншық құны 7 мың теңге мен 30 мың теңге арасында тұрады.

Қанат Сырлыбай, шебер, ағаш ойыншық
Фото: Қанат Сырлыбайдың жеке архивінен

Жеке тапсырысқа жасалған бір бұйымға кейде 10 күнге дейін уақыт кетеді. Ал бірдей ойыншықтарды шебер бір-бірден емес, бірнеше данадан қатар дайындайды.

Бір шылдырмақ қана жасамаймын. Бірден 40-50 данасын шығарамын. Бір күні станокпен бәрін кесіп аламын, екінші күні сүргілеймін, үшінші күні қосымша жұмысымен айналысып, төртінші күні жинап, желімдеймін. Осылай, бірнеше күнде тапсырыс берген ойыншықтың бәрін жасап шығамын, — дейді шебер.

Киіз үй бейнесіндегі шылдырмаққа сұраныс көп

Қазір Қанат мырзаның бұйымдарының ішінде шылдырмаққа сұраныс көп. Әсіресе, киіз үй бейнесінде жасалған шылдырмаққа Қазақстаннан да, шетелден де тапсырыс беретіндер бар.

Қанат Сырлыбай, шебер, ағаш ойыншық
Фото: Қанат Сырлыбайдың жеке архивінен

Оны кей тұтынушы балаларға арналған ойыншық деп алса, енді бірі шетелдегі таныстарына немесе жақындарына ұлттық нақыштағы сыйлық деп тапсырыс береді.

Шылдырмақтың құны — 7 мың теңге.

Балаларға қауіпсіз ойыншық жасауға тырысады

Бала ойыншықты аузына салуы мүмкін. Сондықтан зияны жоқ бұйым жасауға тырысамын. Ағашты тазалап, арнайы маймен өңдеймін. Бояуға су негізіндегі акрилді қолданамын. Қымбат болса да, балаларға қауіпсіз болғанын қалаймын. Қолданатын бояуымды Ресейден алдырамын, себебі біздің елден оны табу қиын, — дейді ол.

Ол арзан пластмасса ойыншықтардың сапасына да алаңдайтынын айтады. Осы себепті өзі жасайтын бұйымдарда материалды таңдауға және өңдеу процесіне мұқият қарайды.

Қанат Сырлыбай, шебер, ағаш ойыншық
Фото: Қанат Сырлыбайдың жеке архивінен 

Шеберден ағаш ойыншық жасауды үйренгісі келетіндер бар

Қанат мырзадан ағаш өңдеу ісін үйренгісі келетіндер де бар. Кейбірі арнайы хабарласып, шеберханаға келіп, осы кәсіпті үйренуге ынталы.

Көбі өзіме келіп оқып кеткісі келеді, осыны үйренсек деп сұрайды. Дегенмен қазір уақытым тығыз, жұмыс кестем жоспарланған. Мектепте жұмыс істеймін, кейін шеберханаға барамын. Уақыт мүлдем болмай кететін кез болады. Мүмкін, шәкірт тәрбиелеуді келешекте қолға алармын, — дейді ол.

 

Қазір шебер жұмыстың басым бөлігін өзі атқарады. Болашақта ағаш өңдеу ісіне баласының да араласқанын қалайды. Өзінің айтуынша, ол әкесінің кәсібіне қызығып, өскенде шеберханада көмектесуге ниетті.

***

Тағы оқыңыз: 

Құмыра жасайтын Нұрдәулет: «Қыш ыдыс ыстықты суытпай, ал суықты салқын күйде сақтайды»

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram