Басты бет / Жаңалықтар /
өрт сөндіруші, өрт сөндіруші машина
Көрнекі фото. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қарағанды облысында 650 гектар аумақты шарпыған өрт оқшауланды

Қарағанды облысының Шет ауданында Өнірек ауылының маңындағы табиғи өрт оқшауланды. Жалын 650 гектар аумақты шарпыған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіруге 310-ға жуық адам, 44 техника және екі тікұшақ жұмылдырылды.

Жалын 650 гектар аумақты шарпыды

Өрт салдарынан 613,6 гектар құрғақ шөп өртенді. Сонымен қатар Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының аумағындағы орман алқабының бір бөлігін жалын шарпыған.

Құтқарушылардың қабылдаған шараларының арқасында өрттің орман аумағына әрі қарай таралуына жол берілмеді. Өртті сөндіру жұмыстарына таулы-төбелі жер бедері, кейбір учаскелерге жетудің қиындығы және қатты жел кедергі келтірген.

ТЖМ тікұшақтары 78 тонна су төкті

Жету қиын аумақтардағы жекелеген өрт ошақтарын сөндіру үшін ТЖМ авиациясы жұмылдырылды. «Қазавиақұтқарудың» су төгу құрылғыларымен жабдықталған екі тікұшағы 26 рет су төгіп, жалпы 78 тонна су пайдаланған.

Өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылықтары және басқа да қызметтердің 310-ға жуық қызметкері мен 44 техникасы жұмылдырылды. Қазір жекелеген бықсу ошақтарын толық сөндіру және аумаққа су себу жұмыстары жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

Жағдай ТЖМ бақылауында.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook