Қазақстанда «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 31 іс-шараның 21-і орындалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкіметтің мәліметінше, ел бойынша жүздеген ауыл интернетпен қамтылып, 743 «ақтаңдақ» жойылған.
3 мыңнан астам ауыл интернетке қосылады
2025 жылы спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл интернетпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар мобайл байланыс операторлары 12 қосарлы мақсаттағы тірек орнатқан.
2027 жылдың соңына дейін 1,2 млн адам мен 5,8 мың мемлекеттік нысанды қамти отырып, 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазір 12 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілері салынды, ал 340 ауылда спутниктік интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар байланыс саласын реттеуді жетілдіру мақсатында заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілген.
2,3 млн адам жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады
Дүниежүзілік банктің қолдауымен 83,9 млрд теңге көлемінде 1 123 ауылдағы 2,3 млн адамды интернетпен қамтуға бағытталған жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында елді мекендер мен үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу көзделген. Қазір бұл жұмыстар басталып кеткен. Ал ұялы байланыс саласында 5G желілерін дамыту бойынша міндеттемелер мерзімінен бұрын орындалды. Қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында 3 618-ден астам базалық станса орнатылған, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, халық саны 250 адамнан асатын 3 807 ауылды 4G стандартына кезең-кезеңімен көшіру жоспарланған. Оның ішінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 566 ауыл 4G желісіне қосылды.
