Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» 2020 жылғы 6 наурыздағы № 280 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлығы жарияланды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 14 тамыздағы бұл Жарлығы нормативтік құқықтық актілердің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми түрде жарық көрді. Құжат қол қойылған күнінен бастап, яғни 2026 жылғы 14 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.
Жарлыққа сәйкес тұжырымдаманың 1-тарауындағы «Қазіргі жағдайды талдау» бөлімінің 4, 8 және 10-бөліктері редакцияланды.
Құжатта Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтқаны, бейбітшіл әрі ашық мемлекет ретінде қалыптасқаны және жаһандық әрі өңірлік мәселелер бойынша сенімді серіктес екені атап көрсетілген.
Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлы, прагматикалық және проактивті сипатта жүргізілетіні көрсетілген. Негізгі назар ұлттық мүдделерді қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге бағытталған.
Тұжырымдамада «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына және елді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу жөніндегі стратегиялық міндетке сәйкес мемлекеттің, бизнестің және Қазақстан азаматтарының мүдделерін сыртқы деңгейде ілгерілету мен қорғауға басымдықты күшейту қажеттігі жазылған.
Сыртқы саясаттың негізгі қағидаттары өзгерді
Тұжырымдаманың 3-тарауындағы «Сыртқы саясаттың негізгі қағидаттары» бөлімінің 1 және 2-тармақшалары да өзгерді.
Олардың бірі — «ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы».
Екінші қағидатта тұрақты, әділетті және демократиялық әлемдік тәртіпті қалыптастыруға жәрдемдесу, әлемдік саяси, экономикалық және гуманитарлық кеңістікке тең құқықты ықпалдасу, Қазақстан азаматтары мен шетелде тұратын отандастардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау көзделген.
Назарбаевқа қатысты норма алынды
Өзгерістердің бірі — тұжырымдаманың «Сыртқы саясатты іске асыру құралдары» бөлімінен бұрын болған арнайы норма алынып тасталды.
Атап айтқанда, бұған дейін құжатта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Тұңғыш Президентке тарихи миссиясына байланысты сыртқы саясаттың маңызды мәселелері бойынша Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға бастамалармен өмір бойы жүгіну құқығы берілетіні жазылған еді.
Осы ереже жаңа редакцияда тұжырымдамадан алып тасталды.
Бұл норма 2019 жылғы сыртқы саясат тұжырымдамасының «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын іске асыру құралдары» бөлімінде болған.
Құрылтайға қатысты тармақ өзгерді
Сол бөлімнің келесі бөлігі де жаңа редакцияда жазылды.
Қазіргі нұсқада:
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы», – деп көрсетілген.
Ал бұрын бұл нормада Парламенттің жоғары өкілді орган ретінде өзінің конституциялық өкілеттіктері шеңберінде халықаралық шарттарды ратификациялау және денонсациялау бойынша заңнамалық жұмыс жүргізетіні жазылған еді.
Тәуелсіздік пен аумақтық тұтастыққа басымдық
Тұжырымдамада Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық мақсаттарының бірі де редакциядан өтті.
Онда Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау негізгі мақсаттардың бірі ретінде көрсетілген.
Адам құқықтары, гуманитарлық дипломатия және қоршаған ортаны қорғау саласындағы басымдықтарға қатысты бірқатар ережеге өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, әлемдік қауымдастықты Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясат пен экономика мәселелері бойынша ұстанымдары мен бастамалары туралы, соның ішінде Астана халықаралық форумының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ақпараттандыру көзделген.
Қазақстан қоғамына сыртқы саясаттың міндеттері мен басымдықтарын, оның нақты нәтижелері мен азаматтарға беретін пайдасын жүйелі түрде түсіндіру міндеті белгіленді.
Бұдан бөлек, шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының, шетел азаматтары асырап алған және шетелде тұратын қазақстандық балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесі нақтыланды.
