Алматы облысының Талғар ауданындағы Северцов мұздығында туристер тобы адам сүйегін тапқан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Туристер сүйектерді тауып, 109 қызметіне хабарласқан
Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша, оқиға 16 тамызда болған. Оның беларусьтік таныстары Қазақстан тауларында екі апта саяхаттап, төменге түсіп келе жатқан кезде Северцов мұздығынан адам сүйектерін байқаған.
Біз бірден 109 қызметіне хабарластық және берілген нөмірге мекенжай, фото мен видеоны жібердік, – деп жазды ол.
Автордың айтуынша, адам сүйектерін эвакуациялау мәселесі әзірге шешілмеген.
ТЖД ақпаратты нақтылап жатыр
Жағдайға қатысты Алматының төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, аталған өтініш өңдеуге қабылданған. Қазір ақпарат нақтыланып жатыр.
Бекітілген процедураларды ескере отырып, одан арғы іс-қимылдар тәртібі полиция қызметкерлерімен келісіледі. Соның ішінде оқиға орнына шығу, тексеру жүргізу және тиісті дерекқорларды тексеру мәселелері қамтылады, – деп хабарлады ТЖД.
Ведомство барлық мән-жай анықталып, жағдайға тиісті баға берілгеннен кейін одан әрі қандай шаралар қабылданатыны шешілетінін атап өтті.
