Басты бет / Жаңалықтар /
полиция
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматы облысында ХҚКО маманы қызметтік көлікпен адамды қағып кетті

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жол-көлік оқиғасы салдарынан 77 жастағы әйел қаза болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жол апатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы қызметкері жүргізген қызметтік көлік қатысқан.

Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен

Полиция мәліметінше, жол апаты 11 тамызда сағат 20:00 шамасында «Алматы – Шелек – Қорғас – Бәйсейіт» автожолында болған.

Kia Sorento автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Зейнеткер алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды.

Жол-көлік оқиғасы орнынан бой тасалаған 26 жастағы жүргізуші анықталып, қамауға алынды. Қазір жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.

Әлеуметтік желілерде жүргізушінің ХҚО қызметкері екені және оқиғадан кейін оқиға орнынан кетіп қалғаны туралы ақпарат тараған.

«Азаматтарға арналған үкімет» қызметтік тексеру жүргізді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аталған жол апатына облыстық филиал қызметкерінің қатысы бар екенін растады. Корпорация мәліметінше, жол-көлік оқиғасы қызметкер қызметтік автокөлікті басқарып келе жатқан кезде болған.

Оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін мемлекеттік корпорация өз құзыреті шегінде қызметтік тексеру жүргізген. Тексеру барысында жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне, ішкі бақылаудың ұйымдастырылуына және қызметтік автокөлікті пайдалану тәртібіне баға берілген. Қызметтік тексерудің қорытындысы бойынша филиал директоры мен оның орынбасарына қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған.

Мемлекеттік корпорация қаза болған әйелдің жақындарына көңіл айтты. Сонымен қатар қызметкердің әрекетіне байланысты жауапкершілік заңнамаға сәйкес сот шешімі негізінде анықталатынын атап өтті.

Қазір полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтап, тергеу жүргізіп жатыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram