Басты бет / Жаңалықтар /
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
Фото: Мuftyat.kz

«Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс». Бас мүфти үндеу жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отбасындағы әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдірді. Ол ер азаматтарды отбасында күш көрсетпей, әйелге қамқор болуға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Ер адамның күші жұдырығында емес»

Бас мүфтидің айтуынша, отбасындағы әйелдің жәбір көруі – қоғам үшін ауыр мәселе.

Кейде қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаларды естігенде жүрегің ауырады. Әсіресе отбасының ішінде әйел адамның жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы жанға батады. Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Наурызбай қажы Тағанұлы әйелдің жаңа отбасынан қорғаныш пен жылулық күтетініне назар аударды.

Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау, – деді бас мүфти.

Ол ер адамның күшін жұдырықпен көрсету нағыз күш емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, нағыз күш – ашуға берілмей, сабыр сақтай білу.

«Әйелге қорған болу – ердің міндеті»

Бас мүфти ашумен жасалған әрекеттің салдары ұзаққа созылуы мүмкін екенін ескертті.

Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді, – деп жазды ол.

Наурызбай қажы Тағанұлы отбасы әр адам өзін қауіпсіз сезінетін орын болуы керектігін айтты.

Отбасы – адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс, – деді ол.

Бас мүфти қызын тәрбиелеп өсіріп, тұрмысқа шығарып салған ата-ананың тілегіне де тоқталды.

Сол аманатқа қиянат жасамайық. Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жамбыл облысындағы қайғылы оқиға

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 19 жастағы жүкті әйел күйеуімен болған жанжалдан кейін қаза болған болатын.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам әйелін «Барни» тәтті тоқашын жеп қойғаны үшін ұрып-соққан. Аталған жағдай бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Әнші Димаш Құдайберген әйелдерге күш көрсететін ер адамдарға қатысты өткір пікір айтты. 

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram