Басты бет / Жаңалықтар /
Дархан Қыдырәлі
Фото: Baribar.kz

Қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі: «Ұлттық код қатып қалмауы керек, ол жаңа заманға сай трансформациялануы тиіс»

Сенаттағы қызметін аяқтап, ғылым мен шығармашылыққа қайта оралған мемлекет және қоғам қайраткері, академик Дархан Қыдырәлі журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында тарихи сана, ұлттық код, Алтын Орда мұрасы, кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект, дін мен зайырлылық, Қазақстанның сыртқы саясаты және елдің болашағы туралы ой бөлісті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Ғылым әрқашан жолдас болды»

Дархан Қыдырәлі Сенаттағы қызметін аяқтағаннан кейін шығармашылықпен айналысып, елдегі өзгерістерді бақылап жүргенін айтты. Оның пікірінше, Сенат өз жұмысын атқарып, тарихи миссиясын аяқтады. Ол саясат, ғылым және шығармашылықтың арасынан ғылым саласының өзіне жақынырақ екенін атап өтті.

«Шын мәнінде, маған докторант, аспирант кезім, ғылым жолына түсіп, кітап ақтарған, архивке үңілген, диссертация жазған шақтарым көбірек ұнайды. Ғылым – ескірмейтін, тозбайтын мұра, адастырмайтын жолбасшы», – деді Дархан Қыдырәлі.

Қазір ол негізінен Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулер жүргізіп жатқанын айтты. Екі том болатын «Түркістан энциклопедиясы» баспаға берілген.

«Алтын Ордаға тұтас өркениет ретінде қарау керек»

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, ұлттық сананы тарихи сана қалыптастырады. Сондықтан тарихты саяси ұранға айналдырмай, ғылыми тұрғыда зерттеу маңызды. Ол Алтын Орда тарихын тек билеушілер арасындағы қақтығыстар мен соғыстар арқылы қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, Алтын Ордаға тұтас өркениет ретінде қарау қажет.

«Алтын Орда – Рим империясы сияқты тұтас бір өркениет болған», – деді ол.

Қыдырәлінің айтуынша, бұл мұраны жаңа оқулықтарға, опера мен спектакльдерге және көркем туындыларға енгізу кезеңі басталған.

«Жастар қайтадан кітап оқуға бет бұрып келеді»

Сұхбатта кітап оқу мәдениеті де сөз болды. Дархан Қыдырәлі цифрлық дәуірде TikTok пен қысқа ақпараттарды тұтыну кең тарағанымен, жастар арасында кітап оқуға қызығушылық байқалатынын айтты.

Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамалары да бұл үдеріске серпін берген. Қазір бір миллион оқырманды қамтитын арнайы жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Оның пікірінше, жастардың уақытын тиімді пайдалануына байланысты кітаптардың аудио, видео және ықшам нұсқаларын да ұсыну қажет.

Ал жас қаламгерлерге қатысты ол қазіргі авторлардың алдында проза жанрында бәсекеге қабілетті болу, оқырман сұранысын ескеру, аудиториямен жұмыс істеу және шығармаларды өзге тілдерге аударып, халықаралық кітап нарығына шығару міндеті тұрғанын атап өтті.

«Жасанды интеллект – күнделікті көмекші құрал»

Дархан Қыдырәлі жасанды интеллектіні өзі де қолданатынын айтты. Оның сөзінше, бастапқыда қазақ тіліндегі жауаптардың сапасы төмендеу болғанымен, қазір бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар.

Дегенмен ол жасанды интеллект берген ақпараттың барлығына бірден сенуге болмайтынын ескертті.

«Жасанды интеллект – күнделікті көмекші құрал. Бірақ ол дайын шикізат немесе кейде тексерілмеген, жалған ақпарат беруі мүмкін.

Әлемде жасанды интеллектіні дамыту үшін оны қолдап, қаржы құйып отырған алпауыт компаниялар өте көп екені белгілі. Әйтсе де, бұл саланы мемлекет саясатына айналдырып, мемлекет деңгейінде қолдап отырған бірден-бір ел Қазақстан екенін айта кеткен жөн», – деді ол.

«Археология жазу тарихын тереңдетті»

Сұхбатта археологиялық зерттеулердің маңызы да талқыланды. Дархан Қыдырәлі археологияны архив сияқты нақты ғылым деп бағалады.

Оның айтуынша, Түркі академиясы кезінде Моңғолияда жүргізілген қазба жұмыстары барысында Елтеріс Құтлық қағанның кешені, Шивээт-улаан және Номгон кешендері ашылған.

Әсіресе Елтеріс Құтлық қаған кешеніндегі жазу түркілердің жазу мәдениеті туралы түсінікті кемінде 70 жылға ілгерілеткен.

Бұл зерттеулер тасқа қашалған жазулар арқылы түркі тарихының бұрын белгісіз болған кезеңдерін зерделеуге мүмкіндік берген.

«Ұлттық код заманға сай өзгеруі керек»

Дархан Қыдырәлі ұлттық кодты халықтың тарихи жадында сақталған және ұлт ретінде қалыптасуына ықпал еткен құндылықтармен байланыстырады.

Оның пікірінше, күй, арғымақ, көкпар, «Алаш», «Жиделібайсын», «Жерұйық», «Өтүкен» сияқты ұғымдар мен тарихи образдар ұлттық кодтың көрінісі бола алады.

«Ұлттық код қатып қалмауы керек, ол жаңа заманға сай трансформациялануы тиіс», – деді ол.

Осы тұрғыда ол бұрынғы билер кеңесінің дәстүрі бүгінгі Парламент пен заманауи ұлттық кеңестер деңгейінде жаңа мазмұнда жалғасуы мүмкін екенін айтты.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөлі

Сұхбат барысында Қазақстанның сыртқы саясаты мен халықаралық аренадағы орны да сөз болды.

Дархан Қыдырәлінің пікірінше, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты өзін ақтады. Президенттің әлем көшбасшыларымен тікелей байланысы және халықаралық саммиттердің Қазақстанда өткізілуі елдің геосаяси салмағын арттырып отыр.

Ол Қазақстанның Орталық Азиядағы рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, аймақтың геосаяси маңызы артып келеді. Орта дәліз, Зәңгезур дәлізі және цифрлық байланыстар сияқты жобалар Орталық Азияның халықаралық маңызын күшейтіп отыр.

Қыдырәлі Қазақстанды Орталық Азия интеграциясының бастамашысы әрі табиғи көшбасшысы деп бағалап, еліміздің жаһандық деңгейде ықпалды «Орта держава» ретінде мойындалып келе жатқанын айтты.

Сұхбаттың толық нқсқасын төменде берілген Youtube арнасынан көре аласыздар.

Құрылтайдың тарихи мәні | Ұлттық код | Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөлі

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram