Қызылорда облысы Сырдария ауданының 36 жастағы тұрғыны TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде бірнеше рет балағат сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құқық бұзушылықты мас күйінде жасаған
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында қоғамдық тәртіпті бұзған ер адамның жеке басын анықтаған. Құқық бұзушылық жасаған кезде оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Сот шешімімен Қуаныш Олжабаев ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
Көшені сыпырып, аумақты тазалап жүр
Қазір ер адам сот белгілеген жазасын өтеп жатыр. Ол көшелерді сыпырып, аумақтарды арамшөптерден тазартып, қоғамға пайдалы басқа да жұмыстарды орындап жатыр.
Полиция әлеуметтік желідегі әрекеттер де заң талаптарына бағынатынын ескертті.
Интернет – заңсыздыққа жол беретін кеңістік емес. Тікелей эфир жауапкершіліктен босатпайды. Құқыққа қайшы әрекет қай жерде жасалса да, көшеде немесе әлеуметтік желіде – заң алдында жауапкершілікке әкеп соғады, – деп хабарлады полиция.
