Басты бет / Жаңалықтар /
теңге, ақша, жалақы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жұмыссыз қалғандарға 6 айға дейін жәрдемақы беріледі: төлемді кімдер алады және қалай рәсімделеді?

Бүгінде Қазақстанда 446 мыңнан астам азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Мемлекет табысынан айырылған тұрғындарды қаржылай қолдау мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) арқылы 6 айға дейін арнайы әлеуметтік төлем төлейді. Жыл басынан бері бұл жәрдеманы 25 мың 600-ден астам азамат алған. Жәрдемақы кімдерге тағайындалады? Оны рәсімдеудің жолы қандай? Бұл сұрақтарға «Астана» тілшісі жауап іздеп көрді.

Жәрдемақыны кімдер ала алады?

Көмек алу үшін, ең алдымен Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Алайда тіркелгендердің барлығына бірдей төлем берілмейді. Басты талап – кейінгі 2 жылда кем дегенде 6 ай ресми жұмыс істеу және әлеуметтік жарналардың аударылуы.

«Соңғы екі жылда орташа айлығын есептейміз. Сондықтан соңғы екі жылда ең құрығанда 6 айға әлеуметтік аударымдары болуы керек. Және төлемнің мөлшері негізінен оның соңғы 2 жылдағы айлығына байланысты. Және еңбек өтіліне байланысты. Қанша жыл сол азамат үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналар түсіп отырды. Төлемнің көлемі негізі орташа айлығының 45 %-ын құрайды», – дейді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова.

Өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімді eGov.kz порталы, 1414 СМС-сервисі арқылы онлайн немесе ХҚКО мен Мансап орталығына барып қалдыруға болады.

Жолданған құжаттар 8 жұмыс күні ішінде қаралып, тиісті шешім шығарылады.

Қазақстандағы еңбек биржасында қанша төлейді?

Жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы мөлшері арнайы формуламен анықталады. Өтініш берушінің орташа айлық табысын (кейінгі 2 жылдағы) ауыстыру коэффициентіне (0,45-ке тең) және еңбек өтілі коэффициентіне көбейту қажет. Еңбек өтілі коэффициенті ресми жұмыстағы еңбек өтілімен анықталады, көрсеткішті арнайы кестеден қарауға болады. Мысалы, 5 жылдан астам жұмыс өтілі болса, 1 коэффиценті беріледі. Азамат ресми түрде 5 жылдан астам жұмыс істеген болса, онда әрбір келесі жылға 1 коэффициентіне 0,02 қосылады. Осылай ең жоғары мәнге жеткенше қосыла береді. Ол 1,3-ке тең.

Ресми жұмыс өтілі Коэффициент
6 айдан 1 жылға дейін  0,7 
1–2 жыл 0,75 
2–3 жыл 0,85 
3–4 жыл 0,9 
4–5 жыл 0,95 
5–6 жыл 1 

Қазақстанда жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы қанша уақыт төленеді?

Қазақстанда бұл жәрдемақы адам жұмыссыз мәртебесін алған күннен бастап есептеледі. Өтініш берушінің жәрдемақы алатын мерзімі еңбек өтіліне байланысты белгіленеді. Төлем мерзімі 6 айға дейін.

Жұмыс өтілі Төлем мерзімі
6 айдан 1 жылға дейін  1 ай
1–2 жыл 2 ай
2–3 жыл 3 ай
3–4 жыл 4 ай
4–5 жыл 5 ай
5 жыл және одан жоғары  6 ай

Неліктен төлемдер тоқтатылуы мүмкін

Төлем тоқтауының бір ғана себебі болуы мүмкін – жұмыссыз мәртебесін жоғалту. Оның бірнеше жолы бар:

  1. Адам жұмыс тауып, ресми түрде жұмысқа орналасты.
  2. Өтініш беруші мансап орталығының бос орындарынан үш рет бас тартты. Бұл ретте бос жұмыс орындары оған біліктілігіне, тәжірибесіне және жасына сәйкес келеді.
  3. Ережелер бұзылды. Мысалы, өтініш беруші мансап орталығының қызметкерлеріне тіркелмеген және жұмыс берушілердің өтініштеріне жауап бермеген.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram