Көктемде Қазақстанның даласы мен тау бөктерлерінде жабайы қызғалдақтар гүлдеп, табиғат ерекше түске боялады. Алайда олардың бірқатар түрі сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатады және мемлекет қорғауына алынған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қызғалдақтың бірқатар түрі Қызыл кітапқа енгізілген
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жабайы қызғалдақтардың табиғи ортада өсуі олардың басты құндылығы саналады. Сирек кездесетін түрлерінің бірқатары Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, ерекше қорғауға алынған.
Ведомство азаматтарды табиғат аясында қызғалдақтарды жұлмауға шақырды.
Әрбір жабайы қызғалдақ – табиғи мұрамыздың бір бөлшегі. Оны тамырымен жұлу немесе гүлін үзу – келесі көктемде сол жерде қайта гүлдеу мүмкіндігін азайтады, – делінген министрлік хабарламасында.
«Ең әдемі естелік – оны табиғатта қалдыру»
Министрлік өкілдері далада қызғалдақ көрген жағдайда оны жұлып алмай, суретке түсіріп қана тамашалауға кеңес берді.
Сондықтан далада қызғалдақ көрсеңіз, ең әдемі естелік – оны жұлып алу емес, табиғатта қалдырып, суретке түсіру. Қызғалдақтың ең әдемі жері – гүл шоғы емес, өзі өскен дала, – деп атап өтті ведомство.
Бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі қызғалдақтарды заңсыз жұлуға қатысты қомақты айыппұл қарастырылғанын ескерткен болатын. Министрлік тұрғындарды табиғи өсімдіктерді қорғауға және жабайы гүлдерді жұлмай, табиғи ортасында сақтауға шақырды.
