Басты бет / Жаңалықтар /
Шыңғыс Таңатпаев, әскери қызмет, модель
Фото: Ұлттық ұлан

Сән әлемінен әскери қызметке: бір кездері модель болған жас жігіт Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр

Бір кездері әлемнің сән подиумдарында жүріп, әйгілі брендтердің киімдерін көпшілікке таныстырған Шыңғыс Таңатпаев қазір әскери форма киіп, ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модельдік карьерасын 17 жасында бастаған. Бойы мен келісті келбеті оны сән индустриясына алып келіп, халықаралық подиумдарға шығарған.

Pierre Cardin және өзге де брендтермен жұмыс істеген

Ұлттық ұланның мәліметінше, Шыңғыс Таңатпаев әлемнің түрлі елдерінде сән көрсетілімдеріне қатысқан. Ол Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің, Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің киімдерін көрсеткен.

Алайда қазір оның өмірінде мүлде басқа кезең басталған. Подиумдағы нық қадам әскери саптағы жүріске ауысқан. Бір қарағанда, модельдік өнер мен әскери қызметтің арасы алшақ көрінеді. Дегенмен екеуіне де ортақ қасиет – тәртіп пен жинақылық. Подиумда модель өзін сенімді ұстап, әр қимылын дәл орындауы керек болса, әскери қызметте де әр әрекетке жауапкершілікпен қарап, тапсырманы мүлтіксіз орындау маңызды, — делінген хабарламада.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ҚР Ұлттық ұланы (@ulttyq_ulan_resmi)

Сарбаз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып жүр

Қазір Шыңғыс Таңатпаев Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып жүр.

Ұлттық ұланның мәліметінше, ол күн сайын әскери міндетін атқарып, бұқаралық іс-шаралар мен адам көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

Қызмет барысында сарбаз тұрғындармен тікелей байланысып, түрлі жағдайларда көмек көрсеткен. Атап айтқанда, ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, жақындарына табыстауға және тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын қайтаруға көмектескен кездері болған, — делінген хабарламада.

Бүгінде еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам ұландық күн сайын қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарады. Ал Қарағандыда бұл міндетті орындауға тәулігіне 250-ден астам сарбаз жұмылдырылады.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram