Басты бет / Жаңалықтар /
ҰБТ, Ұлттық тестілеу
Фото: Gov.kz

Тамыздағы ҰБТ: талапкерлердің 53%-ы шекті балл жинады

Тамыз айында өткен ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) 27 мыңнан астам талапкер қатысты. Олардың 53%-ы шекті балл жинады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ең жоғары нәтиже – 136 балл

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бес пән бойынша талапкерлердің орташа нәтижесі 55 балл болды. Ал ең жоғары көрсеткіш 136 балға жетті.

Тамыздағы тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 98 талапкер қатысты. ҰБТ барысында барлығы 66 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 30 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды тестілеу орнына алып өтуге әрекет жасаған. Осыған байланысты олар тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тағы 36 адам тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Бөгде тұлғалардың тестілеу процесіне қатысу фактісі анықталған жоқ, — делінген хабарламада.

ҰБТ нәтижелері қайта тексеріледі

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін оның бейнежазбаларына талдау жүргізілетінін ескертті.

Тексеру жұмыстары 31 қазанға дейін жалғасады. Егер бейнежазбаларды талдау барысында тыйым салынған заттарды пайдалану немесе тестілеу ережелерін бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің ҰБТ нәтижелері жойылады. Сонымен қатар өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуын жалғастырғысы келетін колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша университетке түсе алады.

Бұл жағдайда талапкерлерді қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram