Алматыда Orda басылымының экс-бас редакторы Гүлнәр Бажкенге қатысты сот үкімі шықты. Бостандық ауданының қылмыстық істер жөніндегі №2 аудандық соты журналисті 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда жазаны өтеу екі жылға кейінге қалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сот мәліметінше, Гүлнәр Бажкенге бірнеше заңсыздық бойынша айып тағылған. Іс материалдары бойынша, 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы желтоқсанға дейін ол компания басшысы ретінде қызметтік жағдайын пайдаланып, ұйымның есепшотынан 88,1 млн теңге қаражатты иемденген.
Соттың хабарлауынша, қаражат бақылауындағы жеке кәсіпкердің есепшотына жалған жарнама, кәсіби және ғылыми қызмет үшін төлем ретінде аударылған. Сонымен қатар жеке халықаралық мектепте ұлының оқу ақысын компания қаражаты есебінен төлеген.
Сот мәліметінде Бажкеннің кәсіпкер ретінде тіркелмей, Алматыда пәтерлерді сатып алып, қайта сату арқылы 121,2 млн теңге табыс тапқаны да айтылған. Бұл кірістен салық төленбеген.
Бұдан бөлек, 2024–2025 жылы Orda.kz порталының бас редакторы болған кезеңде экс-бас редактор интернет-ресурстар мен әлеужелі арқылы көрінеу жалған ақпарат таратудың сегіз эпизодына қатысы бар деп танылған.
Бес жылға журналистика саласында жұмыс істеуге тыйым салынды
Сот үкімімен Гүлнәр Бажкен 8 жылға бас бостандығынан айырылып қана қоймай, 5 жыл мерзімге БАҚ, журналистика, блогиң, бұқаралық іс-шаралар және басқа да қоғамдық қызмет саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Жазаны өтеу сотталушының 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты екі жылға кейінге қалды.
Материалдық шығынды өтеу
Сот шешімі бойынша, Гүлнәр Бажкен материалдық залалды өтеу үшін 95 992 350 теңге, мемлекеттік баж ретінде 2 879 770 теңге, сонымен қатар жәбірленуші тараптың заң көмегіне жұмсаған шығыны мен іс жүргізу шығыны ретінде 6,8 млн теңге төлеуге тиіс.
Естеріңізге салайық, Гүлнәр Бажкен былтыр 2 желтоқсанда үй қамаққа алынды. 1 желтоқсанда Гүлнәр Бажкеннің үстінен «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, жасақ журналистің үйі мен Orda сайтының Алматыдағы редакциясын тінтіген.
