Ақтөбе облысында жыл басынан бері сегіз ер адам декрет демалысына шыққан. Олардың барлығы Ақтөбе қаласының тұрғыны. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Диапазон» басылымының хабарлауынша, былтыр бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға өтініш берген әкелердің саны бұдан да көп болған. 2025 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша, облыста 13 әке бала күтіміне байланысты төлем алған.
Қазақстан заңнамасы бойынша, бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты жәрдемақыны анасы да, әкесі де ала алады. Демек ата-ананың бірі бала күтімі бойынша демалысқа шығуға құқылы.
Ақтөбе облысының мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы Нұрлан Көзеуовтың айтуынша, мұндай жағдай әзірге сирек кездеседі. Көбіне бұл жас отбасыларда болады.
Әйел адамның табысы ер адамға қарағанда жоғары болуы мүмкін. Мысалы, ол шетелдік немесе мұнай-газ өндіретін компанияда жұмыс істеуі ықтимал, — деді Нұрлан Көзеуов.
Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері баланың дүниеге келуіне дейінгі соңғы 24 күнтізбе айындағы табысқа байланысты есептеледі. Жұмыс істеген ата-анаға төленетін әлеуметтік төлем орташа айлық табыстың 40%-ына тең.
Әкелер қанша жәрдемақы алады?
Қор өкілінің түсіндіруінше, адам жұмыс істеген болса, жынысына қарамастан әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде бала бір жарым жасқа толғанға дейін табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Егер адам жұмыс істемеген болса, осы кезеңде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері баланың отбасындағы нешінші бала екеніне байланысты, – деп түсіндірді Нұрлан Көзеуов.
2026 жылы жұмыс істемейтін ата-анаға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері мынадай:
- бірінші балаға – 24 912 теңге;
- екінші балаға – 29 454 теңге;
- үшінші балаға – 33 952 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.
Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында Ақтөбе облысында бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әкелер алған әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері 27 680 теңге, ең жоғарғысы 193 118 теңге болған.
