Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі кезінде елордадағы МИБ мүшелері наразылық білдірді. Олар сотталушы Сәуле Жұбаниязованы қолдап, жауапқа құрылыс компаниясын тартуды талап етті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Курсив басылымының жазуынша, наразы жандар МИБ басшысын қылмыстық жауапқа тартуды әділетсіз деп санайды. Олардың пікірінше, ғимарат қасбетінің кемшін тұсы құрылыс компаниясың қатесі, сонымен қатар кондиционерді талап бойынша орнатпаған тарап та жауап беруі керек.
Біз әділдік орнап, шын кінәлілердің анықталғанын қалаймыз. Төраға құрылыстың қате тұсына немесе кондиционер орнатқан адамдардың әрекеті үшін жауап бере алмайды. Кем дегенде қасбетті жасаған және сол техниканы орнатқан мердігерлер жауап беруге тиіс, – дейді Sani Towers тұрғын үй кешенінің төрағасы Рада.
МИБ басшылары петиция мен электронды өтінішті жоғары мемлекеттік органдарға жолдап, заңнамадағы нормаларды қайта қарауды және тұрғын үй басқарушыларының құқығын қорғауды талап етпек.
Ұлдана Мырзуан қалай қаза тапты?
Қайғылы оқиға былтыр 8 қарашада Астанада болды. 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері шақыру бойынша келген кезде ғимараттың кірпіші мен кондиционердің бекітпесі құлаған.
Ұлдана ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін он күн бойы күрескенімен, 18 қарашада фельдшер қайтыс болды.
Қазір оның қазасына қатысты сот процесі жүріп жатыр. Ал бұған дейін сот процесінің тікелей эфирден көрсетілетінін жаздық.
