Қазақстанда жеке куәлік пен паспорт рәсімдеудің жаңа форматы енеді. Жақын арада халыққа қызмет көрсету орталықтарында биометрия терминалдары орнатылып, азаматтар құжатын маманның көмегінсіз рәсімдей алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Цифрлық даму министрлігі мен ішкі істер министрлігінің дайындаған құжаты «Әділет» ақпараттық-құқықтық порталында жарияланды.
Жаңа жүйе арқылы азаматтар арнайы терминалдың көмегімен жеке куәлік пен паспортын рәсімдей алады. Бұл кезекті азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеуге көмектеседі.
Биометрия терминалдары Астана, Алматы, Шымкент қаласындағы, облыс орталықтарындағы және Байқоңырдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистерінде орнатылады.
Алайда жеке куәлікті терминал арқылы рәсімдеуге қатысты бірқатар талап бар. Құжат қолданыс мерзімі аяқталуына байланысты ауысқан жағдайда ғана осы тәсілмен беріледі.
Бұл ретте қызмет жеке куәліктің қолданыс мерзімінің аяқталуына 30 немесе одан аз күн қалған жағдайда немесе оның мерзімі 10 күннен аспайтын уақыт бұрын аяқталған болса ғана көрсетіледі, – делінген бұйрықта.
Басқа себептер бойынша жеке куәлікті ауыстыру қажет болса, қызметті электрондық үкімет порталы немесе мобайл қолданбалар арқылы алу мүмкін емес. Мұндай жағдайда азаматқа ХҚКО-ға жүгіну керек екені туралы хабарлама келеді.
Биометрия терминалдары арқылы құжатты 28 тамыздан бастап рәсімдеуге болады.
