Басты бет / Жаңалықтар /
Бақытжан Базарбек
Фото: t.me/mazhilis_kz

Экс-депутат Бақытжан Базарбек қаққан адамының туыстарымен кездесті

Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек өзі себепкер болған жол апатында зардап шеккен азаматтың туыстарымен кездесті. Ол кездесу сәтінен Instagram-дағы парақшасына бейнежазба жүктеп, өзара келісімге келгенін жазды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіттің жағдайы туралы оның туысы айтып берді. Әйел адамның айтуынша, азамат ем қабылдап жатыр. Бақытжан Базарбек те зардап шеккен азаматтың отбасымен байланыста болып, қажет көмек көрсетіп келеді.

Қазір ағамның жағдайы жақсарып келеді. Оған көмектесіп жатқан медицина қызметкерлеріне шексіз ризамыз. Тезірек сауығып кетуін күтеміз, – дейді Нұржігіттің жақыны.

Бақытжан Базарбек зардап шеккен азаматты емдеуге Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы атсалысып жатқанын айтты.

Науқастың жағдайында оң өзгеріс бар. Расталмаған қауесетті таратпайық. Барлығымыз Нұржігіттің аяққа тұрып, отбасына оралуын тілейік, – дейді экс-депутат.

Сонымен қатар Бақытжан Базарбек Нұржігіттің жағдайы тұрақтанғаннан кейін оның әрі қарай қалпына келуіне көмектесетінін жеткізді. Қажет болған жағдайда Астана мен Алматы қаласында ем алуға жағдай жасайтынын айтты.

Естеріңізге салайық, бұған дейін экс-депутаттың адам қағып кеткенін және зардап шеккен азаматтың ауыр халде екенін жаздық. Ал Бақытжан Базарбектің өзі болған жол апатын растап, қатысы бар екенін айтты. Дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр екенін, оқиғадан ауыр шок алғанын мәлімдеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram