Алматыда қоғамдық орында әдепсіздік танытқан Канада азаматы жауапқа тартылды. Оқиға Абылай хан даңғылы бойындағы мекеме маңында болған. Полицейлер әлеужеліде тараған бейнежазба бойынша, шетел азаматын анықтап, шара қылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Желіде тараған кадрда көрші үстелде отырған ер адамның видео түсіріп тұрған әйелге балағат сөздер айтқаны байқалады. Жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік шетел азаматының әрекетіне қатысты пікір білдірген.
Видеоға байланысты полиция ер адамның кім екенін анықтады. Ол Канада азаматы болып шыққан.
Ұсақ бұзақылық бойынша іс қозғалды
Алматы полициясы шетел азаматына қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғады. Сот шешімімен ер адам бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Алматы қаласы полиция департаменті Қазақстан аумағында жүрген барлық адам заң талабын сақтауға тиіс екенін айтты.
Азаматтығы мен мәртебесіне қарамастан, Қазақстан аумағында заң барлығына ортақ. Еліміздің аумағында жүрген әр адам заңды және айналасындағы жанды құрметтеуге міндетті, – деп түсіндірді Алматы қаласы полиция департаменті.
