Басты бет / Білім /
Халықаралық IT университеті, студент
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстан ЖОО-лары қысқарған оқу форматына көшуі мүмкін

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіне оқу мерзімін қысқартатын жаңа формат енуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министрдің айтуынша, 2022 жылдан бері бірқатар жоғары оқу орнының білім беру бағдарламасы мен оқу мерзімі өзгерді. Қазір ЖОО-лар білім беру жүйесінің 92%-ына дейін өз бетінше анықтай алады.

Саясат Нұрбек бұған дейін Astana IT University-де үш жылдық бакалавриат бағдарламасы пилот жоба ретінде басталғанын айтты. Сонымен қатар басқа университет те оқу мерзіміне қатысты түрлі форматты сынап көре бастады.

Министрлік үкіметке қолданбалы бакалавриат (қысқарған оқу форматын) енгізу туралы ұсыныс жасаған.

Жоспар бойынша, оқушы мектептен кейін жоғары колледжге түсіп, бакалавриат деңгейіне сәйкес келетін, дегенмен оқу мерзімі қысқарған мамандықты меңгере алады. Кейін студент модуль формат арқылы университетте бакалавриат оқуын жалғастырып, одан әрі магистратураға түсу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар министрлік жоғары білім беру жүйесіне гибрид және икемді оқу форматын енгізуді жоспарлап отыр. Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы норматив база дайындалып, бірнеше жоба сынақтан өткен.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok