Қазақстанда жыл басынан бері қылмыс деңгейі 11% төмендеді. Құқық қорғау органдары қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, оның алдын алуға басымдық бере бастаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
360-тан астам қауіпті локация анықталды
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, ішкі істер министрлігі мен өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект және ұшқышсыз технологиялардың көмегімен азаматтарға қылмыстық қол сұғу қаупі жоғары 360-тан астам қауіпті локация анықталған. Осы аумақтарда полиция патрульдеуі күшейтіліп, шамамен 4 мың жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бас прокурор бұл тәсілдің нәтижесін беріп жатқанын атап өтті. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар саны азайған.
Интернет-алаяқтық 9% азайды
Сонымен қатар интернеттегі қылмыстарға қарсы күрес те күшейтілген. «Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттаған.
Берік Асыловтың мәліметінше, кейінгі жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілген. Алаяқтық фактілерінің саны 9% төмендеген.
Құқық қорғау органдары мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, 1 миллионнан астам күдікті қоңырауды тоқтатқан. Сонымен қатар шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленген. Бұдан бөлек, ұлттық банктің антифрод-орталығы арқылы 2,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакция бұғатталған.
Бас прокурордың айтуынша, бұл көрсеткіштер қылмыстың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алуға бағытталған тәсілдердің тиімділігін көрсетеді.
